Қайсардың қосалқы құрамы өз алаңында «жетісулық» құрдастарын 2:0 есебімен жеңіп жатып, қолдарында тұрған жеңісті уыстарынан әп-сәтте шығарып алды.
«Қайсар-д» (Қызылорда) – «Жетісу-д» (Талдықорған) 2:2
Голдар: Оңғарбаев, 7. Оңғарбаев, 49 – Сапиянов, 62. Сариев, 75.
Жерлестеріміз матчты өте тамаша бастады. Ә дегеннен-ақ қонақтар қақпасына лап қойған алаң иелері 7-минутта-ақ есеп ашты. Қолды-аяққа тұрмаған Абылайхан Оңғарбаев өткір шабуылда ширақ қимылдап, әріптесінен допты қабылдады да, қорғаушылардан қашып кетіп, Римас Мартинкус қорғаған қақпаны дәл көздеді. Одан кейін де жерлестеріміз тізгінді уыстарынан шығара қойған жоқ. Сәт сайын «Жетісу» қақпашысын мазалаумен болды. Екінші таймның басталғанына бес минут болғанда қонақтар қақпасында екінші доп тулап жатты. Бұл жолы да мергендігімен көзге түскен – Абылайхан Оңғарбаев.
Әйтсе де жеңісті есепті ұстап тұра алмадық. 62-ші минутта Санжар Сапиянов таблодағы көрсеткішті қысқартса, арада он минут өткен соң Саят Сариев таразы басын теңестіріп кетті.
Иә, қолда тұрған жеңіс еді, жастарымыз тым ерте босаңсып қалды. Неде болса, бұл матч жерлестеріміз үшін үлкен сабақ болып, болашақта мұндай олқылыққа жол бермейді деп үміттенеміз.