"Қайсар" директоры Руслан Балтиев «Sports.kz» сайтына сұхбат берді. Онда қызылордалық клуб қымбат тұратын ойыншыларды шақыруы мүмкін деген қауесет әңгіме жайында өз пікірін білдірген.
Елдің аузындағы әңгіме бойынша алдағы маусымда "Қайсардың" қомақты бюджет болмақ екен. Осының нәтижесінде қазірдің өзінде бірқатар танымал футболшыларды қатарына шақырып, оларға қолайлы қаржылық жағдай жасаламақшы екен. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Бұл жөнінде Р.Балтиев "Біз шынында да футболшылар іздеп жатырмыз. Алайда, ешқандай қомақты бюджет жөнінде әңгіме айтылып жатқан жоқ. Бөлінген қаржымен жұмыс жасаймыз. Дегенмен, ол алып бара жатқандай емес. Премьер-лигада жақсы ойыншыларға бізден 2 есе артық төлей алатын командалар бар. Біздің алғашқы мақсатымыз – өткен жылғы құрамның негізгі бөлігін сақтап қалу. Сондай-ақ, әрбір шеп бойынша шеберлігі жоғары футболшыларды құрамға тарта отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізгіміз келеді. Әлеуметтік желілерде осындай әңгімелер айтылып жатыр. Оларға сенетін болсақ, алдағы жылы біз Чемпиондар лигасына қатысуға мүмкіндік алуымыз ғажап емес. Соған орай "Қайсарда" топ-класс ойыншылары ойын көрсетпек екен. Шындығында, олай емес. "Қайсар" өз күшімен қандай мақсатты орындай алады? Біз сол мақсатта еңбек етеміз" дейді.