Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі румыниялық «Астра» мен шотландиялық «Инвернесс» арасындағы матчтағы қарағандылық Артем Кучин бастаған қазақстандық төрешілер тобы тағайындалды. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Бас төрешіге тараздық Евгений Бельский мен атыраулық Анатолий Ходин көмектеседі. Төртінші төреші - талдықорғандық Денис Измайлов.
Өткен маусымда Артем Кучинге Еуропа Лигасының топтық кезеңіндегі «Янг Бойз» (Швейцария) – «Слован» (Словакия) және «Генгам» (Франция) - «Динамо» (Минск, Беларусь) матчтарында жұмыс істеді. Айта кетейік, қарағандылық төреші мен «Астра» клубының жолы осы уақытқа дейін де түйіскен. Артем Кучин 2014 жылы Еуропа Лигасының «Слован» - «Астра» матчында қызмет атқарып, сол ойын 3:2 есебімен румыниялық футболшылардың жеңісімен аяқталды.
Қарағандылық төреші клубтық турнирлерден бөлек, құрама командалардың матчтарына да тағайындалып жүр. Өткен жылы 21 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Уэльс – Англия және Кипр – Бельгия матчтарында қызмет атқарды. Сонымен қатар, Әлем чемпионатының іріктеу матчтары мен 19 жасқа дейінгі жасөспірім құрамалар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде жұмыс тәжірибесі бар. Оның ішінде жартылай финалдағы Чехия - Сербия кездесуін атап өтуге болады.
«Астра» - «Инвернесс» матчы 23 шілде күні Румынияның Джурджу қаласында Марин Атанасовичи стадионында өтеді. Бұл командалардың арасындағы алғашқы ойын 1:0 есебімен румыниялық футболшылардың пайдасына шешілді.