Жазира Сапарбек таеквондодан әлем чемпионатына жолдама алды
Катарда өткен таеквондодан (WTF) халықаралық жарыста елімізден 8 спортшы қатысып, соның екеуі ғана жүлделі орындарды еншіледі. Біреуі - қызылордалық - Жазира Сапарбек болса, екіншісі – оңтүстікқазақстандық Нұрсұлтан Мамай. Аталмыш жарысқа әлемнің әр елінен 400 таеквондошы бақ сынады.
G-1 дәрежесіндегі дүбірлі жарысқа №2 облыстық олимпиадалық резерв мектебінің спортшысы Жазира Сапарбек 46 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола жүлдені иеленді.
Ол осыған дейін 4 дүркін Қазақстан чемпионы атанған, Еуразия спорт ойындарының және жастар ойындарының жеңімпазы, ересектер арасында ҚР кубогының иегері, ҚР спорт шебері. Жаттықтырушысы – Руслан Тілеулиев. Жазира Сапарбек 1997 жылы Қызылорда қаласында дүниге келген. Осы спортпен 6 жылдан бері айналысып келеді.
«Жарыста екі кездесу өткіздім. Біріншісінде Катар елінің спортшысын 20:0 есебімен жеңіп, келесі кездесуде канадалық спортшыдан 4:5 есебімен ұтылып, қола жүлдемен оралдым. Алдыма қойған мақсатым – бірінші орынды иелену еді. Бәсекеге түскендердің барлығы мықты болды. Дегенмен алдағы уақытта да болатын жарыстарда қажымай, талмай еңбек етіп, туған елімнің намысын абыроймен қорғаймын деп үміттенемін», - дейді Жазира.
Енді Ж.Сапарбек 12-18 мамыр аралығында Ресейдің Челябинск қаласында болатын Әлем чемпионатына дайындық үшін республикалық, халықаралық жарыстарға барады.