Ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестиваль аяқталды
14-20 қазан аралығында Қызылорда облысында Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен IV республикалық фестиваль өтті.
Спорттың 13 түрін қамтитын бұл бәсекеге Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 2000-ға жуық спортшы қатысты.
Фестивальдің мақсаты - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру, елімізде ұлттық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, халықтар арасында достық пен татулықты нығайту және ұлттық спорт түрлерін дамытудағы ең мықты өңірді анықтау.
Жарыс қорытындысына келетін болсақ, жалпы командалық есепте 227 ұпаймен Қызылорда облысының командасы – бірінші, 200,5 ұпаймен Оңтүстік Қазақстан облысы – екінші, ал 177,5 ұпаймен Жамбыл облысы үшінші орынға ие болды.
Кезекті фестиваль жалауын Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев Ақтөбе облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Бақтияр Тулеуовке табыстады.