Тағылымды ісімен, берекелі тірлігі мен еңбекқор тұрғындарымен танылған еліміздегі бетке ұстар елдімекендердің бірі - Нағи Ілиясов ауылында спорт кешені мен стадион пайдалануға берілді.
Жаңа нысан мемлекеттік әріптестік негізінде жеке кәсіпкер Абзал Ералиевтің демеушілігімен жүзеге асып отыр. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев бүгінгі күнге дейін туған ауылын көркейтуге 1,5 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Көңіл қуантарлық атқарылған жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Спорт кешенінің жалпы құны 380 млн. теңгені құраса, соның 200 млн. теңгесі «Абзал и К» толық серіктестігіне тиесілі. Кешеннің ашылу салтанатына арнайы барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, республикаға танымал спорт майталмандары мен жетекші спорттық ұйымдардың басшылары алдымен ауылда жаңадан абаттандырылған тағзым алаңына гүл шоқтарын қойып, жаңа мешітпен танысты. Туып өскен ауылына болсын деп ұланғайыр жұмыс атқарған атымтай жомарт азаматтарға аймақ басшысы алғысын жеткізді.
- Бұл еңбектің барлығы ауылым – алтын бесігім деп туып-өскен жерін ардақтаған, жеке мүддесінен ортақ игілікті жоғары қойған нағыз азаматтың ерлігі, таза қамқорлығы. Бүгін есігін ашқан спорт кешені ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына күмән жоқ. Ошағынан от, белдеуінен бесті ат кетпеген Нағи ауылында елге үлгі боларлық бірлік бар. Дән патшасы, ақ күріштің атасы Ыбырай Жахаев – қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар демекші ауылымызды сол берекеден айырмасын, - деп тілегін білдірді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, боксшы, олимпиада чемпионы, Ермахан Ибраимов та ауыл тұрғындарын жаңа спорт кешені мен стадионның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Бұл спорт нысаны ірі спорттық шараларды қабылдай алатын өңірдегі алдыңғы қатарлы спорт ғимараттарының біріне айналатынына сенім мол. Соның бір дәлелі спорт кешенінің ашылуына орай жаңа алаңда «Қайсар» мен «Ақтөбе» командалары қосалқы құрамдарының ойыны өтті. Екі күнге созылған шара бүгін де жалғасын табуда. Нағи ауылында таэквандодан республикалық турнир өтуде.
- Ауылымызға жасап жатқан жұмыстарымыздың ең негізгі масқаты – перзенттік парызымызды өтеу. Ауылдастарыма барынша қолдау көрсету. Ал жаңа спорт кешені – ауыл балаларының бос уақыттарын тиімді өткізіп, оларды білімге, имандылыққа бастайды деп ойлаймын. Олар болашақта елдің үмітін арқалар азамат болса деген ой. Мүмкін дәл осы ауылдан талай чемпиондар өсіп шығар, - дейді Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан да бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Облыста да бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Қызылорда қаласында бокс орталығы мен ипподром және аудандарда дене шынықтыру, сауықтыру кешендері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан спорт кешені мен үш мың орындық жабық футбол манежінің құрылысы басталады.