«Атырау» - дубльдік командалар арасындағы біріншіліктің көшбасшысы. Биыл «мұнайшылардың» жастары қарсылас шақ келтірер емес. Қанат Шерімбетов командасына өрнекті ойын үлгісін қоя білгенімен алаң иелері жас футболшыларымызға аса көп мүмкіндік берген жоқ. Рас, Тұрарбек Қуанышбековтың соққан добы бағанаға тиіп серпілмей, қақпаға енгенде, онда ойын барысы басқаша арнада өрбитін бе еді? Кім білсін?!
Ал одан кейін пенальти белгіленді қақпамызға. Қанат Мұзарап ойын ережесін бұзды деп төреші қолын нүктеге созды. Есеп ашылды. «Атырау» алда. Екінші таймда да алаң иелері қақпамызға он бір метрлік айып соққысын орындады. Бұл жолы қақпашымыз Нұрымжан Салайдин қырағылық танытып, пенальтиді алып шықты. Алайда, ойын соңына таман «Атырау» қақпамызға екінші голын соғып кетті.