Бүгін, 30 қазанда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жастар арасында дзюдодан Әлем чемпионы Мағжан Шамшадинді қабылдады.
Айта кетейік, 24-27 қазан аралығында Абу-Дабиде өткен Әлем чемпионатында Мағжан дзюдодан алтын алқа тағынып, Қазақстанға алғашқы алтынды алып берген еді.
Облыс басшысы жас спортшыны құттықтап, оған 800 мың теңгенің сертификатын табыстады. Мағжан өз кезегінде мұның үлкен қуаныш екенін, көрсеткен нәтижесіне көңілі толатынын және алдағы уақытта 2020 жылы Олимпиада ойынында ел абыройын асқақтатуға уәде берді.
Мағжан Шамшадиннің бапкері Қален Қалиұлы спортшының жарысқа дайындалуына үлкен қолдау көрсетілгенін айтып, алғысын білдірді.
Спорт арқылы еліміздің байрағы желбіреп, Әнұраны шырқалып, мемлекетіміздің мерейі көтеріледі. Қазақстаннан барған 16 спортшының арасынан алтын медальді еншілеген Сыр елінің оғланы тек Мағжан ғана.