Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Велоспортта талантты жастар өсіп келеді – қызылордалық бапкер

Сыр топырағынан спорт саласы бойынша талай талант түлеп ұшты. Солардың бірі белгілі велошабандоз - Берік Көпешов. Таспадай тізілген тасжол үстіндегі тартысты бәсекеде талай мәрте топ жарған шебер еліміздің абыройын аспандатты. Қазақ велоспортының дамуына үлкен үлес қосты. Өзінен кейінгі ізбасар інілеріне үлгі болды. ҚазАқпарат тілшісі бүгінде туған жерінде бапкерлік қызметпен айналысып жүрген Берікті әңгімеге тартқан еді.
- Велоспортқа қалай келдің? Алдымен осы жайында тоқтала кеткенің артық болмас.
- Жергілікті велоспорт мектебінің есігін алғаш ашқанда жетінші сыныпта оқитын едім. Он төрт жаста болатынмын. Бірден спорттың қызығына түсіп кеттім.
2001 жылы велоспорт мектебіне алғаш келгенде мені жергілікті маман Жетес Сүлейменов қарсы алды. Маған бірден велосипед бере қойған жоқ. Екі айдай уақыт өткеннен кейін тұңғыш мәрте жаттығуға қатысуға мүмкіндік алдым. Стадионды бір айналып өттім. Велосипедті үйге алып кетуге жарты жылдан кейін рұқсат етті. Бұл сәтте мен облыстық жарыста топ жарған едім. Сол жарыста мені Алматы қаласындағы республикалық дарынды балаларға арналған спорт-интернатында еңбек ететін Виталий Штыхлин байқапты. Көп ұзамай аталған спорт-интернатқа қабылдандым.
Дарындылар жиналған оқу ордасында ол алты жылдан астам тәлім алдым. Велотрекке қатысты шеберлігін жетілдірдім. Арада бір жарым жылдай өткенде сол сайыс түрінен қалалық жарыста жүлделі орыннан көріндім.
- Алғаш рет қандай халықаралық жарыста жүлдегерлер қатарынан көріндің?
- 2004 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен Азия чемпионатында үздік үштікке іліктім. Ал 2007 жылы Үндістанда жасөспірімдер арасында құрлықтық додада екі жүлдеге ие болдым. Алдымен топтық сайыста бірінші орын алсам, командалық және жекелей сында екі күміске қол жеткіздім.
- Бір кездері халықаралық «Астана» велоклубы сапында ойын көрсеткеніңді білеміз. Әлемдік велоспорттағы мықтылардан тәлім алып, мол тәжірибе жинақтаған шығарсың.
- Иә, халықаралық «Астана» велоклубының жастар құрамында сайыстарға қатыстым. Әлем жанкүйерлеріне есімі белгілі Александр Винокуров, Альберто Контадор, Лэнс Армстронг секілді үздіктермен бір командада бақ сынап, шеберлігін шыңдауға күш салды. Алайда 2012 жылы түрлі себептерге байланысты велоспортпен қош айтыстым.
Сол жылы бапкерлік қызметке бет бұрып, Қызылорда қаласындағы арнайы мамандандырылған велоспорт мектебінде шәкірттерге тәлім бердім. Екі-үш жыл елордада қызмет атқарған ол туған топыраққа оралдым. Кезінде өзімнің шеберлігімді шыңдаған спорт мектебіне облыстың аға жаттықтырушысы қызметіне келдім. Нағыз таланттарды іздеп табуға бар күшімізді саламыз. Сырт көзге спорттың бұл түрі оңай көрінетін шығар. Алайда оның қаншама ережесі бар. Баланың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Осылайша велоспортқа келген жас өреннің жоғары биікке жеткеніне дейін қаншама еңбек етеміз. Біз де солай тәрбиеленіп шыққанбыз. Сол жеңісті жолды жалғастырғымыз келеді. Өздеріңіз білетіндей, Қызылорда велоспорт мектебі Әлем чемпионы атанған Марат Сатыбалдиев, Сергей Капустин секілді саңлақтарды тәрбиелеп шығарған. Бұрынғыдай емес, қазір материалдық-техникалық базаны жақсарту бағытында оң істер бар. Кезінде өзіміз салмағы ауыр велосипедпен жаттығу жасайтын едік. Қазір талапқа сай келетін техника саны молайды. Бұл шәкірттердің шеберлігін шыңдауға барынша үлес қосады.
Кезінде біздің облыста екі велоспорт мектебі жұмыс істеген екен. Одан бергі жылдарда екеуінің орнына арнайы мамандандырылған мектеп талай өреннің жеңісті жолына ақжол тіледі. Елімізде велоспортты кеңінен насихаттау ісіне көңіл бөлінсе деймін. Облыс орталықтарынан бөлек аудандарда да арнайы үйірмелер ашылса құба-құп. Сонда таланттарды табуға мүмкіндік туады,
- Шәкірттерің жайлы не айтасың? Олардың арасында әлемдік бәсекелерге қатысып жүргендері бар шығар.
- Шәкірттерімнің шеберлігін шыңдауға әрдайым назар аударамын. Бұған үлкен еңбекқорлық қажет. Толағай табыс оңайлықпен келмейді. Оған шыдамдылық, жанкештілік, жауапкершілік талап етіледі. Әрине, спортқа жаңа келген жас өрен көп нәрсені түсіне бермеуі мүмкін. Оның мүмкіндігіне қарай велоспортқа тәрбиелеген артық емес. Қай кезде де біздің өңірден дарынды жастар шығып келеді. Ел чемпионатында, түрлі сайыстарда топ жарып жүр. Мұндай жастар қашан да елеусіз қалған емес. Мәселен, Аслан Силықбек, Аружан Рақымжан, Анжела Соловьёва сынды шәкірттерім Малайзияда жастар арасында өтетін Азия чемпионатына қызу дайындық үстінде. Жоғары жетістікпен оралады деген сенімдемін. Оларға қолдау көрсетіп, демеу болуға тырысамын. Қысқасы, велоспортта талантты жастар өсіп келеді.
- Қазір әлемде велоспорттың дамуы жөнінен қай елдер алда келеді?
- Дүние жүзінде велоспорт жөнінен Италия, Испания, Ресей, Франция секілді бірқатар мемлекеттер алда тұр. Сан алуан сайыстарда топ жарып жүрген таланттар үлкен еңбектің арқасында зор табысқа жетті. Бұл орайда бапкерлердің біліктілігі, материалдық-техникалық базаның жақсаруы оң әсерін тигізеді. Кейінгі жылдары елімізде көптеген ғимараттар бой көтерді. Нәтижесінде жас велошабандоздар шеберлігін шыңдап, толағай табысқа қол созды.
- Елімізде велоспорттың дамуына қандай қамқорлық жасалуда?
- Астана қаласындағы трекке арналған спорт сарайында қазір әлемдік бәсекелер өткізіледі. Жастарымыз да онда жаттығу жиындарын жасап, шеберлігін жетілдірді. Бүгінде халықаралық деңгейдегі түрлі жарыста топ жарып жүрген велошабандоздар - сол игілікті істің нақты көрінісі. Еліміз велоспорттың дамуы жөнінен әлемде өз орнын еншілеп үлгерді. Бұл бізді қуантады. Ендігі кезекте бапкер ретінде шәкірттерімнің жоғары жетістікке жетуіне үлкен үлесімді қоса беремін деп ойлаймын.
- Ендігі кезекте велоспорт тарихы жайында айта кеткенің артық болмас. 
- Бүкіл әлемде  сәуір айында Дүниежүзілік велосипед күні атап өтіледі. Ерекше мереке 2018 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл датаны атап өтуге арналған резолюцияда «екі ғасыр бойы қолданылып келе жатқан велосипедтің бірегейлігі, ұзақ мерзімділігі мен әмбебаптығы және оның қарапайым, қолжетімді, сенімді, және экологиялық таза көлік құралы екендігі» мойындалған. Велосипед – «тұрақты тасымалдаудың символы және климатқа оң әсер етеді.
Жер шарында миллиардтан астам велосипед бар екен. Бұл жайлы, экологиялық таза және салауатты көліксіз бүгінгі күнді елестету қиын. Сонымен қатар, болашақ велосипедке тиесілі. Көптеген мемлекет жолдардағы велосипедшілер санын көбейтуге, сол арқылы автомобильдер санын, олар арқылы шығатын атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға тырысып жатыр. Велосипед экологиялық шығынсыз және көшедегі шу деңгейін де арттырмайды.Тұрақты велосипедпен жүрудің денсаулыққа пайдасы айқын: ұйқы мен зат алмасу жақсарады, демек, ас қорыту, төзімділік пен бұлшықет тонусы артады, жүйке жүйесі нығаяды, стресс деңгейі төмендейді. Бұл тұрақты тасымалдау түрін пайдалану жүрек ауруы, инсульт, артрит, депрессия және қант диабеті қаупін азайтуға көмектеседі. Осылайша, қазіргі әлемде велосипедтің маңыздылығы артып жатыр.
ХХ ғасырдың басында елімізге велосипедтер келе бастады. Онымен бірге велоспорт түрі де пайда болды. Велосипед халық арасында кеңінен насихатталды. Қазақстанда велоспорттың дүниеге келген күнін 1914 жылы 6 шілдеде Ақтөбе қаласында жол велосипедінен жарыс өткен деп санауға болады. 1918 жылы Петропавл, Орал, Қызылорда және басқа қалаларда үйірмелер құрыла бастады. Сол уақыттан бері велосипед қалың еңбекшілер қауымының меншігіне айналды. Жалпыға бірдей білім беру органдары құрылғаннан кейін велосипед жастардың дене шынықтыруына қолданыла бастады және бірте-бірте халық өміріне енді. Қызылордада аңшылар топтары ұйымдастырылып, велосипедшілер алыс далаға сапар шекті. Қазақстанның барлық қалаларында жасөспірімдер, жұмысшылар мен қызметкерлер мектепке және жұмысқа велосипедпен барды. Велосипедте жұмысшы мен инженерді, колхоз агрономы мен ауылдық пошта тасушыны, мұғалім мен дәрігерді көруге болатын. Велошеру тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болды, оған қатысушылар адамдар арасында ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Александр Винакуров Қазақстаннан олимпиадада велоспорттан чемпион болған жалғыз спортшыАлександр Винокуров – Қазақстандағы велоспорттың символы. Оның жолы шағын ауылдан басталып, спортшыны Олимпиада шыңына шығарды. Александр Винокуров Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ең беделді әлемдік жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. 
- Әңгімеңе рақмет. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: