Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қызылдың қыраны – Қаратай Қуаңбаев

Нұрбай Әбілахатұлы. Өткен ғасырдың 1960-жылдарының ортасында Жаңақала атауымен тарихта қалған бүгінгі КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округінің іргелі шаруашылық болуына айрықша еңбек сіңірген, жиырма жылға жуық кеңшарды басқарып, ел есінде қайраткерлігімен, мемлекетшілдігімен, жасампаздық істерімен есте қалған Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қаратай Қуаңбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған сай, аудан әкімдігінің қолдауымен өткен «Қызылдың қыраны – Қаратай» есімімен ел есінде жатталып қалған қоғам қайраткерінің ғасырлық мерейтойы берекесі мен бірлігі, ынтымағы мен ырысы артқан Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауылда жоғары деңгейде аталып өтті.


Іс-шараның алғашқы күні «Ұлағаты ұрпаққа үлгі – Қаратай Қуаңбаев» тақырыбымен Жаңақала ауылында дүние дидарын ашып, бүгінде республикаға танымал айтыскер ақын, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Серік Ідірісовтің шығармашылық кешімен басталып, одан әрі қоғам қайраткері Қаратай Қуаңбаевтың өнегелі өмір жолы туралы жас қаламгерлердің сөз сарасымен өрнектелген жыр мүшәйрасына жалғасты. Ал кешке ауыл орталығында орнатылған сахнада облыстық филармониясы өнерпаздарының елді мекен тұрғындары мен қонақтарына арнаған галаконцертімен шымылдығы жабылды. Сонымен қатар сол күні спорттық ойындар ұйымдастырылды. Атап айтқанда түйе палуандар белдесуінде Алмат Тайбағаров барлық қарсыласын жеңіп І орынды, Ғалымжан Әбдірахманов ІІ орынды, ал жүлделі ІІІ орынды Ердәулет Киікбаев еншілеп, Исақабыловтар отбасы тіккен бәйгені иемденсе, арқан тарту сайысында қуаңдариялықтар басым түсті. Ал гір тасын көтеру сайысында да жүлдегерлер бәйгесін алды.
Мерейтойдың екінші күні аудандық Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының «Жаңақала» кеңшарының құрылуы жайында көріністі сомдауымен басталса, мәдени-танымдық іс-шара одан әрі аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың құттықтауына ұласты. Өңір басшысы КСРО Үкіметінің қаулысымен 1964 жылы құрылған Жаңақала кеңшарының алғашқы ұйымдастырушысы, білімділігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында есімі тарихта қалған қайраткер Қаратай Қуаңбаевтың өнегелі өмір жолы жайлы айтып, Тәйімбет Көмекбаев ауылында атқарылып жатқан игі істерге, жағымды жаңалықтарға және келешекте атқарылатын шаруаларға тоқталды.
Одан әрі көпшілік «Ұлағаты ұрпаққа үлгі – Қаратай Қуаңбаев» атты жыршы-жыраулар фестивалін тамашалады. Фестивальде елге танымал Бидас Рүстембеков, Арнұр Көшеней, Берік Саймағанбетов, Серік Жақсығұлов, Болат Баймұратұлы, Әйгерім Ешбаева, Ізбасхан Дәулетхан, Майра Сәрсенбаева, Руслан Ахметов, Ақсұңқар Бүркітбай сынды жыршы-жыраулар Сыр шайырларының мақам-сазын нақышына келтіре орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Іс-шарада ауылдың өсіп- өркендеуіне саналы өмірін арнап, құрмет төрінен көрінген, бірақ жылдар өте Алланың жазуымен өмірден өткен әруақтарға, сонымен қатар ел болашағы үшін перзенттік асыл болмысымен еңбек етіп, адамдық, азаматтық өресі биік өр тұлға Қаратай Қуаңбаевтың  рухына дұға бағышталып, ас берілді. Мәдени-танымдық шара одан әрі ат бәйгесіне ұласты.
Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын ауыл тұрғындары мен қонақтар ауыл сыртындағы ипподромға жол салып, онда алдымен мерейтой иесі Қаратай Қуаңбаевтың ұрпақтары тағайындаған жүлдені иелену үшін 20 шақырымдық аламан бәйгені қызықтаса, одан әрі 15 шақырымдық құнан бәйгесін, 7 шақырымдық тай бәйгесіне қошеметпен қол соқты.
Аламан бәйгенің нәтижесінде Қазалы ауданынан келген Әбілхайыр Қадыров І орынды жеңіп алса, ІІ және ІІІ орындарды қызылордалық Мансур Мырзабай мен Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Орынбасар Төкеш өзара бөлісті, ал ІV орынды қазалылық Оңал Смағұлов иемденді. Жүлдегерлердің барлығы да бәйге демеушілері – Қуаңбаев, Бөлекбаев, Ахметов және Имановтардың ұрпақтары тағайындаған бәйгелерді қанжығасына байласа, келесі кезекте құнан бәйгесі жарысында Жалағаш ауданының Бұқарбай батыр ауылынан келген Әлім Нұрмағамбетовтың тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесіп, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші болып мәре сызығынан қызылордалық Бердібек Мыхановтың тұлпары өтті. Содан кейін бәйгеге Жалағаштың Таң және Мәдениет ауылдары атынан қатысқан Әбдіқали Серікбаев пен Абдулла Қалдыбектің жүйріктері мәреге бірінің артынан бірі өтіп, Ақназаров, Нұрғалиев, Әбдірахманов пен Әйтембетовтер әулетінің тағайындаған жүлдерін ие болды. Тартымды да тартысты сәттерге толы болып өткен атжарысын тай бәйгесі қорытындылады. Онда Қоғалыкөл ауылы атынан қатысқан Жасұлан Рановтың тайы бірінші болып мәре сызығын кессе, Аманкелді ауылының тұрғындары Әбдікәрім Абдуллаевтың, Марат Алтынбековтың, Таң ауылынан қатысқан Санжар Сәдірханның тайлары бірінің артынан бірі шаба мәреге жетті. Олар Еңбек Ері Әділбек Хайруллаевтың әулеті атынан тағайындалған сый-құрметке бөленді.
Сөйтіп КРСО Батыры Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округінде еңбектің өшпес ізін қалдырған, дала дарабозы, Қызылдың қыраны – Қаратай Қуаңбаевтың мерейтойы өңір халқының берекесі мен бірлігі, еңбекке деген құрметінің үлгісі ретінде танылып, жоғары деңгейде аталып өтті.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: