Юрий Красножан: Исландиямен өткен ойынға қатыспағандар мүмкіндік алады
Қазақстан Ұлттық құрамасы «Арена Химки» алаңында жаттығу өткізді. Осы стадионда сейсенбі күні Ресей құрамасымен жолдастық матч өткізеді. Жаттығуға дейін бас бапкер Юрий Красножан мен команда капитаны Самат Смақовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.
- Бізді достық қарым-қатынастағы екі елдің ойыны күтіп тұр, - дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан. - Исландия құрамасымен ойында алаңға шықпаған футболшылар мүмкіндік алады.
Ойынға екі қақпашы дайындалып жатыр. Олар - Стас Покатилов пен Владимир Плотников. Қайсысы негізгі құрамда алаңға шығатыны таңғы жаттығудан кейін белгілі болады.
- Команда ертеңгі ойынға дайын, - дейді Ұлттық құраманың капитаны Самат Смақов. – Жарақат алған футболшылар Қазақстанда қалды, сондықтан Ұлттық құрамада тәжірибені аз жинаған жігіттердің алаңға шығу мүмкіндігі арта түсті.