«С» лигасының 5-тур ойындары өтті. Көш басында өзгеріс жоқ. Дегенмен, турнир түбіндегі кейбір командалар енді екпін алып келе жатқандай. «11-регион» командасы тіпті, маусымның алғашқы сенсациясын да жасап үлгерді.
Облыстық футбол федерациясы баспасөз қызметінің хабаралуынша, тур сенсациямен басталды. Алаңға арқаларын кеңге жайып шыққан «педагогтар» «11-регионды» қалпақпен қайырып аламыз деп ойласа керек, менсінбей ойнады. Бірақ Саламат Құрманаев бастаған жігіттер жеңісті қолдан бергілері келген жоқ. Бірінші болып есепті ашқан да солар. Тіпті, жеңіске жетуге шақ қалған да болатын. Алайда, соңғы сәтте «М.Мәметова» командасы таблодағы есепті теңестіріп үлгерді. Осылайша алғашқы ұпайларын жинаған «11-регион» турнир кестесінде 13-ші сатыға көтерілді. Ал көш соңында – «Дельфин». Дегенмен, бұлардың да ұпай жинайтын кезі әлі алда. Жалынды жанкүйерлерімен-ақ бүкіл көрерменді баурап алатын олар қалай ойнаса да турнирдің көңілді командасы болып қала бермек.
Сонымен, 5 турдан кейін «ДВД КЗО» командасы көш бастап келеді. Екінші орында – Coca-Cola болғанымен «Ордадан» бастап «Мұнайшы», «Достарға» дейін екпін алып келеді.