Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Студенттер лигасының соңғы туры өтеді

Студенттер лигасының соңғы туры өтедіСтуденттер лигасының бірінші маусымы да экваторына таяп қалды. Сегіз туры артта. Әзірге бірде-бір ұпай жоғалтпастан жеңіс шеруін жалғастырып келе жатқан екі команда бар. Дегенмен, сегізінші тур турнирде «тосын сыйы» дайын командалардың да бар екенін дәлелдеп берді.
Музыкалық колледжді меңзеп отырмыз. Әу баста «өнерпаздардан» ешкім де мұндай ерлік күтпеген. Бірақ Музыкалық колледждің білімгерлері тек «әулету» және әуендетуді ғана емес, аяқдопты да тамаша меңгергендерін дәлелдеуде. Тек Қорқыт ата университетінің командасынан ғана жеңіліп қалған Музыкалық колледж одан басқа жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ. Ал осы жолы тіптен Лига фавориттерінің бірі Мәншүк Мәметова атындағы оқу ордасының командасын ойсырата жеңді. Педколледждің тур екеніне де қарамады. Салған жерден шабуылға лап қойып, ә дегеннен-ақ төрт гол соғып тастады. Рас, жанкүйерлерінің тамаша қолдауы арқасында Педколледж студенттері есепті теңестіре алған. Бірақ бұл уақытша ғана құбылыс екен. Екінші таймда тағы да қарқындарын күшейткен «өнерпаздар» ойынды 8:4 есебімен аяқтады. Осылайша Музыкалық колледж командасы тур өткен сайын турнир кестесінде жоғары өрлеп келеді. Егер осы қарқындарынан таймаса, жүлделі орындардан көрініп қалулары да ғажап емес.
Сондай-ақ, Студенттер лигасының үздіктер қатарынан көрінуден Агро-техникалық колледждің де мүмкіндіктері зор. Бірде-бір ұпай жоғалтпай, өздері өткізген алты ойында қарсыластарының қақпасына 41 гол соққан аталмыш оқу ордасының командасы бұл жолы 13:1 есебімен Индустриалдық-технологиялық колледждің студенттерінен басым түсті. Қазір олар турнир кестесінде бірінші орынды Қорқыт ата университетімен бөлісіп тұр.
Көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледж командасы да жанкүйерлерін қуантудан жалығар емес. Политехникалық колледж студенттерімен кездескен олар тартысты өткен ойынды 3:1 есебімен өз пайдаларына аяқтады. Ал «Болашақ» дербиінде «Болашақ» колледжі болашақ медиктерді 6:2 есебімен ұтса, Гуманитарлы-құқықтық техникалық колледжі «Өркениет» өрендерін 7:0 есебімен ойсыратты. Айтпақшы, келесі турды Гуманитарлы-құқықтық техникалық колледжі қабылдамақ. Болашақ заңгерлер 9-турды Агро-техникалық колледждің алаңында ұйымдастырады. 
Бүгін, 22 қарашада биылғы жылдың соңғы туры өтеді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: