Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Қайсар" түзде "Ертістен" жеңілді

"Қайсар" түзде "Ертістен" жеңілдіҚызылорданың «Қайсары» түзде Керекудің «Ертісімен» кездесіп, 2:4 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды "Қайсардың" баспасөз қызметі. Бұл Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында өткен ойын болатын.
"Ертіс" - "Қайсар" 4:2 (3:0)
Голдар: Дудченко 25 (1:0), Дудченко 32 (2:0), Кислицын 41 (3:0), Юнузович 49 (3:1), Дудченко 62 (4:1), Хунт 90 (4:2)
Ескертулер: Азука 44, Гетериев 76 - Балтаев 61, Кляйн 67. 
"Ертіс": Калмыков, Әлиев (Аяғанов 51), Кислицын, Сартаков, Чернышов, Гатагов, Гетериев, Смақов, Азука, Бансе, Дудченко (Ерсәлімов 68).
"Қайсар": Прядкин, Балтаев, Ирисметов, Кейлер, Кляйн, Нұрдәулетов (Скорых 58), Вороговский, Нехтий, Шестаков, Пирошка, Юнузович.
Төрешілер: Әлиев (Алматы), Ысқақов (Қостанай), Тергеусізов (Алматы). 
24 мамыр. Павлодар. Орталық стадион. 
Кейбір ойындар болады, біраз уақыт еске алып, қуанышпен еске алып жүресің. Ал кейбір кездесулерді неғұрлым тезірек естен шығарған жөн. Павлодарда өткен «Ертіс» - «Қайсар» матчы да солардың қатарынан. Жылдам ұмытып, келесі ойынға тыңғылықты дайындалуымыз қажет. Бәлкім, осындай сәтсіз ойындардың артында бізді жарқын жеңістер күтіп тұрған шығар. Ең бастысы, уақытша қиындықтарға мойымай, дер кезінде еңсемізді тіктей білуіміз қажет.
Ал ойынның бірінші жартысы шынымен де «қасқырлар» үшін аса сәтсіз болды. Үзіліске дейін жерлестеріміз қақпаларына үш доп жіберіп үлгерді. Алдымен 25-минутта Константин Дудченко алға арыстанша атылып шыққан Кирилл Прядкиннен айласын асырып кетсе, көп ұзамай украиналық легионер қақпамызға екінші гол соқты. Тағы он минуттан кейін Александр Кислицын таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді.
Дегенмен, екінші таймға жерлестеріміз жігерленіп шықты. Бас бапкер Дмитрий Огайдың үзіліс кезіндегі қажетті сөздерінен кейін алаңға желпініп шыққан футболшыларымыз бірден Никита Калмыков қорғаған қақпаны нысанаға алды. Нәтижесінде 49-минутта Эдин Юнузовичтің айып алаңының сыртынан қақырата тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Кездесудің нағыз киллеріне айналған Константин Дудченко хет-трик авторы атанды. Айта кету керек, жеңіліп жатқандарына қарамастан Дмитрий Огай шәкірттері берілген жоқ. Кездесудің соңына дейін арпалысып, 90-минутта Римо Хунт баспен гол соқты. Қорытынды есеп – 2:4, өкінішке қарай, Керекуден ұпайсыз қайттық. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы «Ертісті» дәл осындай есеппен ұтып, еліне «еңіретіп» қайтарған едік, еселерін қайтарды.
Енді 29 мамыр күні «Қайсар» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдайтын болады.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: