Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Жастардың жолы болар емес

Жастардың жолы болар емес«Қайсар» футбол клубының қосалқы құрамы «Шахтердің» жастарынан бірінші айналымда жіберген еселерін қайтара алмады. Жерлестеріміз бірінші болып есепте алға шыққанымен екінші таймда қонақтар екі гол соғып, жеңісті жұлып әкетті.
«Қайсар-д» - «Шахтер» 1:2
Голдар: Алтынбеков, 29 – Васильев, 62. Васильев, 65.
Естеріңізде шығар, біріншіліктің 4-туры аясында Қанат Шерімбетов шәкірттері қарағандылық жастардан 0:7 есебімен ойсырата жеңілген болатын. Сондықтан болар, қызылордалықтар алаңға тістерін қайрап шықты. Негізгі құрамнан көмекке Елжас Алтынбеков пен Думан Нәрзілдаев шықты. Бірінші минуттан қонақтарды айып алаңдарына тықсыртып, допсыз жүгіртіп әурелетті. Ал бірінші таймның қақ ортасында Елжастың алаң сыртынан қақырата соққан әдемі голы алаң иелерін есепте алға шығарды.
Екінші таймды да жас «қайсарлықтар» қарқынды бастады. Алтынбековты алмастырған Жомарт Жұмабаев пен Думан Нәрзілдаев сәті түскен сайын «Шахтер» қақпасын піспектеп, қақпашысының қателескенін торуылдаумен болды. Сондай сәттердің бірінде Думан Нәрзілдаев бір рет допты қорғаушылар мен қақпашыдан әдемі асырып жіберді. Бірақ «теңбіл снаряд» қырсыққанда маңдайшадан биік ұшты. Одан кейін Думан бес метрден бағын сынап көріп еді, тағы да қиыс кетті. Футболда «сен соқпасаң, саған соғады» деген қағида бар. «Қайсар» шабуылшыларының ойындары жүрмей жатқанын байқаған «кеншілердің» 11-нөмірлі ойыншысы Владислав Васильев айналдырған үш минуттың ішінде дубль авторы атанды. Осылайша жастарымыз жеңіп тұрып, жеңісті қолдан беріп қойды.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: