Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қазақстан гандболшы қыздары әлем чемпионатына барады

Қазақстан гандболшы қыздары әлем чемпионатына барадыҚазақстан құрамасы іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанып, гандболдан қыздар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алды.  Іріктеу кезеңі Алматы қаласында өткізілді.
Біздің құрама барлық қарсыласын тізе бүктірді. Алдымен Конгоны 36:24 ұтса, одан кейін Мексиканы 26:20, Австралияны 32:21 есебімен жеңді. Осылайша Данияда өтетін әлем чемпионатында бақ сынайтын 22-ші құрама болып тіркелді. Бұдан бұрын әлем чемпионы Бразилия, Еуропа чемпионы Норвегия, Африка чемпионатының жүлдегерлері Тунис, Конго ДР, Ангола, Азия чемпионатының жүлдегерлері Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай дүбірлі додада бақ сынайтын дүлділдер қатарына қосылған еді. Сондай-ақ, Бразилия Панамерика ойындарында бас жүлдені иеленуіне байланысты сол жарыста 2-4 орын алған Куба, Аргентина, Пуэрто-Рико құрамалары да Данияға келеді. Ал Еуропадан Ресей, Франция, Венгрия, Голландия, Румыния, Испания, Польша, Черногория және Швеция құрамалары да айтулы аламанға келеді. Олардың барлығы іріктеу кезеңінде өз топтарында жеңімпаз атанған. 
Ендігі кезекте Халықаралық гандбол федерациясы wild card әдісімен іріктеу кезеңінен өте алмаған екі құрамаға шақырту береді. Естеріңізге сала кетелік, әлем чемпионаты 2015 жылдың 5-20 желтоқсанында Данияның   Хернинг, Коллинг, Фредериксхавн және Нествед қалларында өткізіледі. 
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: