Республикалық "Қазақстан барысы-2015" сайысына қатысып, шеберлігімен жанкүйерді тәнті еткен шымыр жігіт Нұрым Сәлімгереевті жерлестері үлкен қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды Сейхунинфо интернет газеті.
Ұлт көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен Астанадағы «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінде «Көрермен көзайымына» айналған Нұрым Сәлімгереевті аралдықтар зор құрметпен күтіп алды. Аудан әкімі Абзал Мұхимовтың өзі палуанды жеңісімен құттықтап, «Қазақстан барысы» турниріне Нұрым алғаш рет қатысса да жоғары шеберлікпен өнер көрсеткендігін, боз кілем үстінде ешқандай ескертпе алмай, өзінен тәжірибелі тіс қаққан палуандармен бақ сынасқандығын ерекше атап, бұл үлкен ерлік екендігін айтты. Аудан басшысы арал халқының атынан Нұрым Сәлімгереевке су жаңа "Нива" автокөлігінің кілтін табыстады.
Нұрым "Қазақстан барысы-2015" сайысында алдымен Мейрамбек Жаңабайдан айласын асырды. Одан кейін Айбол Айтбекті орта жолда қалдырып кетті. Жарыстың келесі сатысында биылғы бәйгенің бас жүлдесін қанжығаға байлаған балуан Бейбіт Ыстыбаевпен жолығып, оған жол беріп қойды. Осыған қарамастан оның жігерлі қимылын барша жұрт жоғары бағалады. Астына арнайы көлік мінгізді.
Мамандар Нұрымның қабілеті мен шеберлігін жоғары бағалайды. 2013 жылы "Жас барыс" республикалық турнирінің жеңімпазы Нұрым Сәлімгереев турнирдің финалдық кезеңіне тұңғыш рет қатысты. Ол 1994 жылы дүниеге келген. Бойы: 179 см. Салмағы: 100 келі. Үстіміздегі жылы облыстық "Алтын белбеу" бәсекесінде топ жарып, "Сыр барысы" атағын алды. Қазақ күресінен ҚР спорт шебері болған. 2013 жылғы "Жас барыс" республикалық турнирінің жеңімпазы, 2013 жылғы қазақ күресінен ҚР чемпионы, 2015 жылғы Қызылорда облыстық "Алтын белбеу" жарысының жеңімпазы болды.