Қызылордада студенттер арасында спартакиада басталды
Бүгін, 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күніне орай жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасындағы облыстық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Студенттер – ұлтымыздың болашақ зияткерлік элитасы, егеменді еліміздің ертеңі, Елбасынан бастау алған Нұрлы жолды жалғастырушылар. Бұл спартакиада достық пен бірліктің мерекесі болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамытудың ерекше тәсілі, - деді облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев.
Биыл бірінші рет ұйымдастырылып отырған спартакиада мыңға жуық студент баскетбол, волейбол, шағын футбол, дойбы, тоғызқұмалақ, арқан тарту, үстел теннисі секілді 7 спорт түрі бойынша сынға түседі. Жарыс сегіз күнге созылады.