Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Ақмешіт" Астанада чемпион атанды

"Ақмешіт" Астанада чемпион атанды

 

Қызылорда журналистері Астана қаласында өткізілген қос турнирде де жақсы ойын көрсетіп, көпшілік тарапынан жылы ықыласқа ие болды. Оның бірінде жарыстың бас бәйгесін қанжығаға байласа, келесісінде ширек финалға дейін жетті.
Соңғы жылдары Сыр журналистері "Қаламгер" әуесқой командасын құрған еді. Қашаннан да жаңалық десе жарғақ құлағы жастыққа тимейтін мамандық иелері осылайша жаһан жұрты телміре тамашалайтын спорт түрінен де қаражаяу емес екенін аңғартты. "Қаламгер" қалалық турнирде де көңілдегідей ойнап келеді. Елорда төріндегі турнирлерге сол командада тәжірибе жинақтаған жігіттер "Ақмешіт" атауымен  беделді бәсекеге аттанған еді. Республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан Байтілес беделді бәсекеге журналистерді алып-баруға белсенділік танытты. Демеуші тауып, олардың жол шығынын көтеруге күш салды. 
Біздің команда алдымен "Астана ақшамы" газетінің 25 жылдығына арналған турнирге қатысты. Бас қаланың үнжариясының мерейтойына келген 9 команда үш топқа бөлініп сынға түсті. "Ақмешіт" турнир қожайыны – "Астана ақшамы" газеті мен "Қазмедиамен" өз тобында шеберлік байқасты. Ақшамдықтар жеңісті қолдан бергісі келген жоқ, намысқа тырысты. Бұл кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Бұдан кейін Сыр журналистері "Қазмедианы" 3:0 есебімен тізе бүктірді. Осылайша олар жарыстың келесі сатысына жолдама алды. Жартылай финалда "Ақмешітке" "ҚазАқпарат" қарсы тұра алмады. 
Осының арқасында біздің жігіттер ақтық сайысқа алқынбай жетті. Бас бәйгеге "Хабар" агенттігі командасымен таласты. Тартысты өткен бәсекеде қызылордалық журналистер оларды 6:2 есебімен қапы қалдырды. "Ақмешіт" – чемпион! Қаншама шақырымды артқа салып барған еңбек ақталды. Сырдың сырбаз жігіттері бәсекенің бас жүлдесін жеңіп алды. 
Келесі күні "Хабар" агенттігінің 20 жылдығына арналған турнир өткізілді. Бұл жарыста да жерлестеріміз сыр бере қойған жоқ. Топтық сатысында топ жарды. Әуелі "Астана ақшамынан" 1:3 есебімен жеңіліп қалғанымен, одан кейін қайратына мініп қалған екі қарсыласының қақпасына қақырата гол соқты. "Қазмедиаға" жауапсыз 10 доп соқса, "Нұрмедианы" 10:3 есебімен орта жолда қалдырды. Соның нәтижесінде ширек финалға шыққан еді. Бұдан бір күн бұрынғы турнирде бізге есе жіберіп қойған "Хабар" тағы да алдынан жолықты. Олар қарымта қайтаруға барын салды. Кездесу тағдырын жалғыз доп шешті. Өкінішке орай, ол доп біздің қақпамызға соғылып кетті. Дегенмен, "Ақмешіт" жақсы ойынымен көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп, "Көрермен көзайымы" номинциясына ие болды.  
Екі турнирге қатысып, елге табысты оралған "Ақмешіт" сапында Әділбек Жақанов, Қуаныш Құлахметов, Әзиз Жұмаділ, Қамбар Бекенов, Нұрлыбек Нұрмаханов, Болат Қожахметов, Руслан Айтмамбетов, Ержан Батыршаев, Нұржан Батыршаев, Талант Айымбетов, Тәжімұрат Әлжанов, Нұрлан Жақыпбеков сынды жігіттер ойын көрсетті. Команданың бапкерлік қызметін Ержан Байтілес атқарды. 
Айта кетелік, "Ақмешіт" үстіміздегі жылы Астана қаласында өткізілген белгілі журналист Сейдахмет Бердіқұлов атындағы республикалық турнирде де үмітті ақтап, үшінші орын алып қайтқан еді. Бұл жолы да үздіктер қатарынан көрініп, аймақ абыройын асқақтата түсті. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: