Жастар көшбасшысы Қанбаев Абзал Болатұлын еске алуға арналған шағын футболдан аудандық ашық турнир аяқталды.
Жалындап өткен жас ғұмыр Абзал Болатұлы ауданымызда абыройлы қызмет жасады. Жастардың көшбасшысы болып облыс, республикаға танылды. Болашағынан үлкен үміт күтер шақта арамыздан мәңгілік сапарға аттанып кетті.
Бүгінде артында қалған бауырлары мен достарына, құрдастары мен әріптестеріне Абзалдың жарқын бейнесін мәңгі есте сақтау ғана қалды. Міне, биыл Абзалдың жылдық асы берілді және құрдастары мен достарының ұйымдастыруымен Абзал жақсы көрген спорт түрі шағын футболдан турнир болып өтті. Турнирге Қызылорда қаласы және Сырдария мен Жалағаш ауданынан 7 команда қатысып, өзара тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде Жалағаш ауданынан "Достар" командасы 1 орын, Жалағаш ауданы әкімдігі құрамасы 2 орын, Дәуімбай командасы 3 орынды иеленді. Жеңімпаздар Абзал Қанбаевты еске алуға арналған арнайы турнир кубоктарымен және үздік ойыншылар түрлі номинациялар мен ақшалай сыйлықтармен, ал қатысушылар дипломдармен марапатталды.