MTKKazakhstan менеджерлік компаниясы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына «Қазақстанның ең үздік боксшыларының бірі Тұрсынбай Құлахметпен келісімшартқа отырғанымызды қуана жариялаймыз», – деп жазды.
Тұрсынбай Құлахмет – әуесқой бокстан Қазақ елінің үш дүркін чемпионы. Ислам ойындарының және бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 2019 жылғы Азия чемпионы. 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Былтыр Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, жартылай финалға дейін жеткен. Финалға шығар жекпе-жекте Филиппин боксшысы Эумир Марьсялдан ұтылып қалған (Жалпы, бұл салмақта Ресей боксшысы Глеб Бакши топ жарған болатын).
– Мен MTKGlobal командасына, әлемдегі үздік компанияға қосылғаныма қуаныштымын. Мұны мен спорттық карьерамды жетілдіре түсудің ең жақсы нұсқасы деп санаймын, – депті 26 жастағы Тұрсынбай.
Ал MTKKazakhstan менеджерлік компаниясысының басшысы Асқар Салықбаев:
– Біз қатарымызға Тұрсынбай Құлахметтің қосылғанына өте қуаныштымыз. Ол – өз қатарындағы Қазақстанның ең үздік боксшыларының бірі. Біздің ынтымақтастығымыз нәтижелі және жемісті болып, үлкен жеңістерге бірге жетеміз деп үміттенеміз.
Ең соңында, MTKKazakhstan менеджерлік компаниясы «Жаңалық күтіңіздер!» деп, жақын арада Тұрсынбай Құлахметтің кәсіпқой бокстағы ең алғашқы жекпе-жегін қашан өткізетіндігін жариялайтындарын мәлімдепті.