«15 ақпан – Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылған күні» деп белгіленгеннен бері елімізде жыл сайын осы күн кеңінен аталып өтіліп, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіліп келеді. Қызылорда ОІІД-нің 19 қызметкері Ауған жерінде әскери міндетін өтесе, оның 4-уі осы уақытқа дейін ішкі істер органдарында қызмет етеді, ал 15-і құрметті еңбек демалысына шыққан.
Үстіміздегі жылы 26 жыл толатын айтулы күнге орай, 10 ақпанда Қызылорда ОІІД-нің ұйымдастыруымен «Динамо» спорт кешенінде волейболдан шағын турнир өткізілді. Жарысқа департамент басшылығының командасы, ОІІД аппаратының қызмет салалары басшыларынан құралған команда, Қызылорда ҚІІБ-ның қызмет басшыларынан құралған команда және ӘПБ-ның командасы қатысты. Турнир ҚР Мемлекеттік әнұран ырғағымен ашылып, ауған соғысында қайтыс болған жауынгерлерді еске алу үшін 1 минуттық үнсіздік жарияланды. Шағын турнирді Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Жанат Қуанышұлы Сүлейменов ашып, бұл күн – шайқас алаңында опат болған жас жігіттердің ерлігінің, Отан алдындағы борыштарын адал орындағанының, ерекше патриоттық сезімінің айғағы екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ардагер жауынгерлерді құрметтеу – біздің парызымыз дей келіп, олардың ерлігі біз үшін өнеге екендігін ерекше атап өтті.
Жарыс жеребе бойынша ҚІІБ басшылығының командасы мен ОІІД аппараты басшыларынан құралған команданың ойынымен басталды.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша үздік деп танылған Қызылорда ОІІД басшылығы командасы І орынды иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды ҚІІБ басшылығы командасы мен ОІІД аппараты басшыларының командасы өзара бөлісті. Сондай-ақ жарыс шеңберінде үздік қорғаушы, үздік шабуылшы, үздік ойыншы, үздік тосқауыл қоюшы аталымдары бойынша үздіктер анықталды. «Үздік қорғаушы» номинациясына ҚІІБ командасының мүшесі, полиция подполковнигі Жеңіс Бермаханов лайық деп танылса, «Үздік ойыншы» аталымы бойынша Ақпараттық-аналитикалық орталығының бастығы полиция полковнигі Расул Берманов, «Үздік шабуылшы» аталымы бойынша ОІІД арнайы мақсаттағы бөлінісінің инспекторы полиция аға лейтенанты Руслан Даврушов, «Үздік тосқауыл қоюшы» аталымы бойынша ҚІІБ бастығының орынбасары полиция майоры Асылхан Абдреев марапатталды.
Турнир соңында Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменов қатысушыларға белсенділіктері үшін алғыс білдіріп, қатысушыларды дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.