Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Ту ұстаған Толыбай батыр

Сырдың төменгі сағасы. Теңізге құяр маң. Бұл – ақын-жыршылар, дүлдүл әншілер, көш бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендерді, ту ұстаған батырларды өмірге әкелген жер. Бабалар салған сара жолдан айнымай келе жатқан халық мекен етіп келеді әлі.
Сыр бойы – сан азапты сырт­қы жаулардан көрген ел. Тарихты ақтарсақ, ХІХ ға­сырда Хиуа мен Қоқан езгісі, орыс отаршылдарымен со­ғыста ата-бабалардың ашық шай­қасы айтылады. Сол кезгі ел бос­тандығын аңсаған даланың теңдессіз батыры Жан­қожа Нұр­мұхамедұлымен бірге әділ­дік пен халық азаттығы жо­лында ат үстінен түспеген жау­жүрек ұлдар ұрпақ санасында жаңғыруы тиіс.
Ғасырлар бойы ел бос­тан­дығын аңсаған қазақ елінің қаһарман ұлдары қаншама?! Қабырғалы да қайсар халықтың ел үшін тер төккен перзенттері арасында тарих қойнауында көмескіленгендері де жетерлік. Жанқожа бастаған азаттық кү­­ресінде қаруластары бола біл­ген Дабыл Бекшеұлы, Ақтан Ақай­ұлы, Беласар Рысбайұлы, Дәр­менқұл ахун Қосымұлы, Бекарыстан би Амалдықұлы, Есет Көтібарұлы, Қызылбас палуан, Төремұрат жырау Еспембетұлы сияқты билер мен батырлардың даңқын біздің буын естіп өссе де, қазіргі жастардың бұл тарихтан алшақ жатқаны өтірік емес.
Рас, бүгінгідей жарқын заманда көптеген батыр бабамыз халықпен қауышуда. «Ештен кеш жақсы» деген. Бабалар ру­хының қайта оралуы – ұрпақ үшін зор бақыт. Жоғарыда біз санамалап өткен туымды ер­лердің қатарына Мыңбайдың ұлы Толыбай батырды да жат­қызамыз. Ел аузында аңызға айналған батыр бабаның өмір жолы еш зерттелмеген. Осындай ерлердің өшпес ерлігі жария етілсе, бұдан ұтарымыз көп болып, ұрпақ алдында да ұятқа қалмаймыз деген сенімдеміз. 
Толыбай батырдың қаһар­мандыққа толы жорықтары жайлы ел ішінде аңыз әңгіме көп. Қазір батыр туралы тарихи дерек, құжаттар іздестірілуде. Бұл ретте Толыбайдың шыққан тегі, одан тараған ұрпақтың қадір-қасиеті хақында аз-кем сөз айтсақ. Солай еткенде батыр бейнесі айқындала түспек.
Жақайымның Бердіңқұлы Игіліктің бес баласының бірі Құттыбайдан шаңыраққа ие болып жалғыз Мыңбай қалған. Ұрпақ жайы ойландырған Мың­бай атамыз Сары, Алтынай атты екі әйел алады. Алғашқысынан 4, кейінгі әйелден 6 ер бала туа­ды. Алтынай анадан туған сол алтаудың ең кенжесі – Толыбай.
Толыбай батыр бес әйел алған. Барлығынан 11 ұл көреді. Батыр Ақшатау маңын жайлаған. Бейіті бір жорықтан жараланып келіп көз жұмған жері Қотанкөлдің маңында. Екі жер де Қазалы ауданы мен Арал арасындағы шекаралық жерде. Туған, өлген жылын анықтауда басына қойылған құлпытастағы жазуларға сүйенуге тура келеді. Көнекөз қариялардың айтуынша, Толыбай Жанқожадан бес-алты жастай үлкен көрінеді. Солай шамаласақ, Толыбай 1771 жылы туып, 1869 жылы дү­ниеден қайтты деп болжауға болады.
Заманында Жақайым Жыл­қаман баба екі батырға бата берген. Оның бірі –Жанқожа болса, екіншісі осы Толыбай батыр. Жорықта Толыбай батырсыз ту көтерілмейді екен.
Батыр туралы ел аузында аңыз әңгімелер баршылық. Ол сол дәуірдегі барлық батыр­мен араласып, жорықта болған. Толыбай Хиуа ханның озбыр әскері мен түрікпен барымта­шыларынан  елін, жерін қорға­ған аруақты ер. Заманында бас қолбасшы болып танылған ол сарбаздарды әскери өнерге баулып, жауды жеңу жолында түр­лі әдіс-тәсілді меңгергенін қа­риялар аузынан естуге болады.
Толыбайдың әкесі Мыңбай да батыр адам. Абылайды хан көтеруде ақкиіздің бір бұры­шын көтерген бабаға осындай абырой бұйырған екен. Сол кезде сыйға берілген қылыш әлі де  Орақ Прәлиев деген аза­мат­тың төрінде ілулі тұр. Ол кісі қылышты Ресейлік зерт­теуші-ғалым А.Брязгаловқа көр­сеткенде ол кісі таңданысын жа­сыра алмай: «Бұл сіздің қолы­ңыздағы қылыш – Ақсақ Темір заманындағы мыңба­сылар қылышы. Себебі, қы­лышта бейнеленген самұрық құс­тың әрқайсысының өз дә­ре­жесі бар. Мысалы, бір самұрық құс бейнеленген қы­лыш онбасыға тән. Екеу болса жүзбасы ұстайды мұндай қылышты. Мына қылышта үл­кен са­мұрық пен екі жағында екі кіші самұрықтың суреті бар. Бұл әскери лауазымы мықты адам, яғни мыңбасы ұстаған қылыш! Сіздің қолыңызға қай­дан түскенін білмеймін, бірақ бұл мыңжылдық тарихы бар дүние», – депті. Ғалым осылай тұжырым жасаған. Осыдан-ақ Толыбай батырдың әкесі Мың­байдың халық алдында қандай беделді болғанын аңғару қиын емес.  Бұдан өзге Орақ ағамыз Толыбайдың Орынбор архиві­нен табылған суретін ең шебер деген кәсіби суретшіге үлкейтіп салдырыпты.
Тәуелсіздік өз тұғырына бе­рік орнағалы бері көз тойым­ды тарихқа бет бұрдық. Берекелі іске бекем қадам бастық. Осы уақыттарда қазақ халқының қанша заманғы өшкені қайта оралып, сөнгені жанды. Со­ның айшықты айғағы іспетті Шектінің (Жаманақ-Жақайым) сарыала туын көкке көтерген Толыбай батыр Мыңбайұлын тілге тиек еттік. Бұл күнгі керегесі кең қазақ елінің бақ-берекесі, кешегі батыр бабалармен қа­тар ақын-жырауларын оралту арқылы көркеюде. Осындай шы­рақты да шуақты күндеріміз көп болсын, қара ормандай қазақ елі! Егемендік еңселі, Тә­уелсіздік тұғырлы болғай! Ұр­пақтың ұлағатты міндеті – бабалар рухын жаңғырту болса, біз бұл межеден шығарымыз хақ. Жаңғырған қазақ елінің саналы ұрпақтарына даңғыл жол, дарынды рух тілейміз.
Биыл Қотанкөл төскейіне То­лыбай батырға, әкесі Мың­бай биге еңселі ескерткіш-ке­сене орнатылды. Шараға әрісі Шекті (Жаманақ), бергісі қа­лың Жақайым жұрты атсалыс­ты. Сонымен қатар Толы­бай батырдың қылышы (Ал­маты), қанжары (Ақтөбе), күміс құр­саулы деңмент белбеуі (Қазалы) бүгінгі ұрпақтың көзайымына айналды. 2012 жылы «Толы­бай батыр» атты зерттеу кіта­бы жарық көрді. (авторы – О.Базарәлиев). Алдағы үлкен міндет – батыр жайлаған өңір­лерден тұлға есіміне көше бе­рілсе, еңселі ескерткіш орнатылса екен. Қазіргі кесене орна­тылған аймақ Қазалы ауда­нының Бекарыстан би ауы­лына қарасты. Жоғарыда айт­қа­нымыздай, Арал-Қазалы ше­карасы. Батырдың негізгі қонысы – Арал ауданы айма­ғына. Ел қорғаған батырды ұрпақ жадында жаңғыру, ерлік істерін ұлықтау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекенінің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деген болатын. Ел қорғаған батырларымызды ұлықтай алсақ, бұдан ұрпақтың ұтары көп болмақ. Осы орайда алдағы 2021 жылы батыр бабамыз Толыбай Мыңбайұлының туғанына 250 жыл толатынын ескеруіміз қажет.
Оңталап БАЗАРӘЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Берік ЖАНДӘУЛЕТОВ, Толыбай батырдың ұрпағы
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: