Тарихынан сыр шертпеу мүмкін емес, талай дүлдүл ақындар жырға қосқан «Құлке» төбесі есте жоқ ескі заманда адам қолымен үйілген көп асарлардың бірі.Бұл жайлы Сыр сүлейлерінің ХХ ғасырдың ортасындағы көрнекті өкілі болған Қуаныш Баймағанбетов өзінің 1939 жылы жарыққа шыққан «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» атты толғауында:
«Қосасар», «Жетімасар», «Күмісқорған»,
«Құлке» ескі мұра көптен қалған,
Қаланың Ақмешіттей крепосын –
Жай екен, дейді үлкендер, – «Қоқан» салған деп Сыр бойындағы асар мен қорған тарихына тоқталып өтеді.
Құлке асары Қызылорда қаласынан батысқа қарай 40-50 км қашықтықта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының оң қапталындағы «Шіркейлі» каналының сол жағалауында, нақтырақ айтқанда қазіргі Нағи Ілиясов ауылының ескі қонысы – Карл Маркс колхозының жанында орналасқан. Кезінде Құлке төбесінің жанына патша өкіметінің жарлығымен 1911 жылы 50 балаға арналған интернатымен қоса қыштан өрілген 10 бөлмелі «Хан» мектебі салынып, онда осы төңіректегі ауыл балалары оқыған екен. Ауылдағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп өз бастауын осы мектептен алған.
– Бала кезімізде (1960-1965 жыл шамасында) «Құлке төбесінің басына талай шығып, жабайы «хан шиені» теріп жеп, құмыра сынықтарын тауып алатынбыз. Төбені айнала қазылған ор мен қорғанның үйіндісі айқын көрініп жататын. Құлке жайлы аңыз әңгімені бала кезден естіп өстік, – деген болатын өз жазбаларында ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері Әбдімәжит Құтыбаев.
Онда былай делінген: «Ерте, ерте, ертеде Құлке атты бай мен бір айдаhар дос болыпты. Олар көп уақыт тату-тәтті өмір сүріпті. Бір күні бай жалғыз баласын табындағы жылқыларды қарап келуге жұмсап жібереді. Баласын бір күн күтеді келмейді, екі күн күтеді келмейді. Үшінші күні байдың өзі атына мініп, баласын іздеп шығады. Жолшыбай ескі досына келіп, амандық-саулық сұрасқан соң, өзінің жылқыға кеткен баласын іздеп шыққанын айтып, айдаhардан «баламды көрдің бе?» – деп сұрайды. Сөйтсе жас бала ініне кіріп бара жатқан айдаhарды көріп, қылышымен оның құйрығын шауып тастайды. Жарасы жанына батқан айдаhар інінен шығып, ашу үстінде баланы жұтып қояды. Болған жайды айдаhар досына айтып беріп былай дейді: «Досым, сенің балаң есің түсер, менің құйрығым есіме түсер. Сондықтан амал қанша қоныс аудармасам болмас» – деп қоштасып, басқа жақа кетіп қалған екен. Қазір айдаhарға мекен болған «Шаққан» деп аталатын екі құм төбешік Н.Ілиясов ауылының солтүстік шығысында 2 км жерде көрініп тұр. Ертедегі ел тарихына көз жіберіп, ғалымдар еңбектеріне назар аударсақ, аңыздың бірте-бірте ақиқатқа айналатынын байқауға болады.
ХХ ғасырдың аса ірі ғалымдарының бірі Ә.Марғұлан өзінің ғылыми еңбектері мен зерттеулерінде ғұндар мұрасына көп көңіл бөлді. Өзінің «Ежелгі жыр, аңыздар» атты еңбегінде белгілі ғалым К.Шираториге сілтеме жасай отырып, өте құнды мәліметтер берген болатын: «Шираторидің зерттеуінше, ғұндар мен үйсіндердің ел басқарған кісілері қазақ тіліне жақын сөйлеген, бірақ қытай иероглифі бұл сөздерді бұзып жазған. Мәселен, Унгуйми – қазақша Оңғарбай, Тулехе – қазақша Төлеке, Хулеке қазақша – Құлке (бір тайпаның аты) – деп Құлкені ғұндардың бір тайпасының аты екені атап көрсетілген. Ә.Марғұлан осы еңбегінде «Ғұндар біздің заманымыздан үш ғасыр бұрын Күншығыс Түркістан мен Каспий теңізі арасында үлкен керуен жолын жасап, оған түйелерді көлік ретінде пайдаланған» – деп Бичуринге сілтеме жасаған. Осы керуен жолы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан асарлар тізбегі арқылы өтіп, Арал, Каспий теңіздеріне, онан әрі Жайық пен Еділге көктей өтіп, Қара теңізге дейін барғаны жазбалардан белгілі. Олай болса Құлке хун заманында керуен тоқтайтын жер әрі әскери бекініс болған, онда Хундардың Құлке тайпасының сарбаздары қызмет атқарған деп болжам жасауға болады.
Ал аңыздағы «Айдаhар – Қытай империясы. Ғұндар өзінің тәуелсіздігін сақтау үшін Қытаймен мың жылдай соғысқан. Ғұндардан қорғану үшін қытайлар Ғұндармен шекараға Ұлы Қытай қорғанын тұрғызуға мәжбүр болған.
Хан дәуірінде қытайлар күшейіп, үлкен ғұн ордасын әлсіретіп, оларды Алтай, Жетісу, онан әрі Сырдария бойы арқылы көшулеріне мәжбүр етті. «Құлке туралы аңыз» шамасы хан дәуіріндегі оқиғалар негізінде туып, ұрпақтан-ұрпаққа таралып, бүгінгі күнге жеткен болуы керек. Өйткені Құлке жайлы осы аңыздан басқа әңгіме, аңызды ел ішінен кездестіре алмадық. Ал Құлке тайпасына келсек, аумалы-төкпелі жаугершілік заманда талай тайпалар ыдырап, басқа тайпалар құрамына кіріп, сіңісіп кетіп отырған. Олай болса «Құлке» тайпасының ұрпақтары да осы күні қазақ халқын құрайтын тайпалар мен рулардың ішінде басқа атпен аталып, өмір сүріп жатуы да мүмкін.
Өйткені Ғұндардың әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің бұл күнде тікелей мұрагері қазақ халқы екені сөзсіз. Мысалы, баланы бесікке бөлеу, жылқының етін жеп, сүтін ішуі, қадірлі қонаққа қойдың басын тартуы, құмалақ ашып немесе жауырын сүйекпен түс жору қазақ халқында ғана сақталған. Мұндай әдет-ғұрып оғыз немесе қарлұқ мәдениетін жалғастырушы халықтардың ешқайсысында жоқ. Жер тарихы – бұл ел тарихы! Олай болса, көненің көзіндей болып, көне тарихтың сыртын бауырына басып талай замандардан бері «Құлке» өз зерттеушілерін күтіп жатыр.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ