Құрылтай төрағасы қазақ тілін жетік білу керек – Парламенттік реформа
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында Құрылтай төрағасына қойылатын ең негізгі талапты атады. - Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны ҚР Президенті ұсынады, - деді ол. Айтуынша, Конституцияда Құрылтай төрағасының қызметін реттейтін регламент те нақтыланады. - Ұсыныстармен Құрылтайдың бірінші сессиясын ҚР Президенті сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақыруы, Құрылтайдың кезекті сессияларын өткізу мерзімі нақтыланған, - деді Нұрлан Бекназаров. Айта кету керек, бұл айтылып отырған нормалардың бәрі әзірге ұсыныс қана. Нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.