Қаратаудың соңғы сілемдері Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандары аумағында жатыр. Сол аумақта орын тепкен Сауысқандық шатқалында ата-бабаларымыз тасқа қашап жазған жазбалар сақталған.
Қаратау жағасындағы Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Профессор Мадияр Елеуов басқарған Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік уиверситетінің Тұран археологиялық экспедициясы 2004 жылы зерттеу жүргізді. Олар Үлкен Қаратау жотасының Сауысқандық шатқалындағы жартастарға салынған суреттердің ірі шоғырланған орнын ашқан. Археолог М. Елеуов, бұл жотадағы тасқа қашалған таңбалар көп. Ол әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейді деген пікір айтады.
Тау тастарындағы сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді. «Сауысқандық шатқалы 500 гектар аумақты алып жатыр. Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден басталады. Мұндағы петроглифтердің барлығы әртүрлі сюжеттер мен композицияларға біріккен сан алуан тұрмыстық, діни танымдық, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты. Қаратау петроглифтерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық қазіргі этнографиялық кезеңдерге дейін созылып жатыр» , -деді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов.
Петроглифтер 8-10 мың сюжетті құрайды. Ең көрнекті сюжеттер қатарына қолдарына шоқпар ұстаған ер адам бейнелері тұр. Көп жағдайларда бастарына аң немесе құс іспеттес маска киіп, мал терісін жамылған бейнелер қола дәуіріндегі діни нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғұрыптық тұстарын көрсетеді. Қазақстандағы петрографиялық зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 20-сыншы жылдарынан басталды. Осының нәтижесінде тастағы біршама жазбаларға назар аударылып, ғылыми тұрғыда баға берілді. Атап айтқанда, Арпаөзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Қаратау, Қойбағар, Майдантал, Мойнақ, Теректі-әулие секілді жерлердегі жазбаларға осындай зерттеулер жасалған.
Петроглифтік дүниелер өнерінің мәні терең, бейнесі мазмұнды болып келеді. Ежелгі замандағы адамдар аңыз әңгімелерге ден қоя отырып, мифтік бейнелерді де тасқа қашай білген. Сондай-ақ қоршаған ортаға қатысты көріністерді де көз алдына келтіреді.