Мешіт құрылысы туралы алғашқы деректерді П.И.Лерх, В.А.Каллаур береді. 1927 жылы алғаш археологиялық зерттеу жұмыстарын көрнекті орыс археологы А.Ю.Якубовский жүргізеді. 2003 жылдан т.ғ.д., профессор С.Жолдасбаев зерттеп келеді.
2013 жылы ЖШС «Тараз» археологиялық ғылыми орталығы географиялық координаттарын белгіледі. Мешіт жоспары төртбұрышты, күйдірілген кірпіштен (25х25х5 см) тұрғызылған. Жалпы өлшемдері 26х22 м, ал сақталған биіктігі мен қабырға қалыңдығы әртүрлі болып келеді. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде 10 бөлме ашылған. Негізгі намаз оқитын бөлменің көлемі 9,8х9,8 м. Басқа бөлмелер осы бөлмені қоршай салынған,, михрабы оңтүстік жағындағы қабырғасының ортасында. Барлық бөлмелердің едені төртбұрышты 25х25х5 см күйдірілген кірпіштен төселген. ХІҮ ғ салынған Сығанақ мешіті ХҮІІ ғ екінші жартысынан бастап әулиелі жерге айналып, сағаналық қызмет те атқарған. ХҮІІІ ғ аяғына қарай мешіт қайта жөнделіп төрт бұрышынан төрт бөлме мешіт-медресеге айналған тәрізді. Рузбихан өз еңбегінде бұл мешітте бес уақыт намазға жығылып, діни сабақтар оқып, діни наным-сенімдер жайлы әңгіме-дүкен құрғаны жайлы бірнеше рет жазған. Мешіт Сығанақ қаласының маңызды ғимараттарының бірі болған.