Қыстаубай Жиенәліұлы (шамамен 1814 – 1845) – батыр. Шыққан тегі Кіші жүздегі шөмекей тайпасының құлан руынан. Сыр өңірі қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне қарсы күресіне, 19 ғасырдың 40-жылдары Кенесары Қасымовтың Созақ жорығына Жанқожа, Бұқарбай, Тоғанас батырлармен бірге қатысқан.
Қыстаубайдың ерлігі туралы Балқы Базар, Т.Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, т.б. ақын-жыраулар көп жырлаған.
Атақты ақын Қуаныш Баймағанбетов:
«Қыстаубай өткен батыр Шөмекейден,
Ел үшін қанды көйлек күнде киген.
Қоқаннан кегін алып өліп ақыр,
«Боқты өлең» деген жерден орын тиген» – деп жырлаған. Осындай батыр Қыстаубайды елі, жұрты әлі ұмытпай, ақындары жырға қосып келеді.
Қыстаубайдың батырлығы соншама, шайқас кезінде оның бір өзі жауына қырық Қыстаубай болып көрінетін болған. Сөйтіп, қазақтың Қыстаубай сияқты батырлары сырт жаудан елін, жерін қорғай білген. Батырдың мәйіті Сырдария ауданы Көктөбе деген жерге қойылған.