Facebook WhatsApp Instagram

0

БЕКЖАН ТҰРЫС БАЛАСЫНА ҚАНДАЙ АҚЫЛ АЙТТЫ?

БЕКЖАН ТҰРЫС БАЛАСЫНА ҚАНДАЙ АҚЫЛ АЙТТЫ?

 

Елімізге белгілі театр және кино актері Бекжан Тұрыс instagram әлеуметтік желісінде баласы Мағжанға арналған тілегін жеткізді, деп жазады Seykhuninfo.kz. 
Алдымен баласының туған күнімен құттықтап, оған өз лебізін білдірген. Өзінің әкелік ақылын жеткізген.  
«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді дәуірлер замандарда.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға (М.Мақатаев). 
Желдей ескен жылдар көз алдарыңызда өскен Мағжантайдың да балалығын "ұрлап", азамат болғанын көрсетті. Аллаға шүкір! Баламның балдай тәтті қылығынан балалығымды іздеп келгем. Бала күнім жоғалмаған күйі өзіммен бірге "жасайды" солай...
Зымырап өткен уақытта әркім өзінің соңында ізін қалдыруға тиіс. Өнерде қандай ізбасар болатынын уақыт көрсетер, өмірде ошағымның отын сөндірмей, түтінімді түзу шығарады деген үміттемін. Мағжан бүгін 22-ге толып жатыр. Баламды әлеуметтік желі арқылы туған күнімен құттықтап, өздеріңізбен қуанышымды бөліскім келді. Саған айтар әкеңнің тілегі мынау, ұлым: Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда адами қасиеттерден ажырамаған адам ғана адам болып қалады. Дүние-өткінші, сол өткінші өмірде адамдарға қайырымды, барынша адал, арлы бол, балам. Адамшылықтың негізгі тірегі - рақымшылдық пен мейрім. Өмірдің қадірін біліп, ешкімнің жүрегіне қаяу салма, өзіңді қоршаған адамдарды аялап, үнемі достық пиғылда жүр. Бүтін көңілдің иманын жоғалтып алма. Жаратылыстың сыйлаған парасатын адалдық пен ізгілікке бағышта. Өйткені бақытты өмірдің бастауы - иман мен тазалықта, тәубешіл тілек пен елжіреген жүректе. Сондықтан құлшылық пен қанағатты місе тұт. Өзіңнің терең тариxыңмен қуаттанып, саф алтындай салт-дәстүріңді өнеге тұт. Жат өнердің жылымына түсіп, жаның жаттанбасын. Дәстүрің -дәулетің, салтың - санаң, ғұрпың - ғұмырың екенін ұмытпа. Қазақы қасиеттің қаймағын шайқалтпа. Биік руxтың, бірегей болмыстың иесі бол. Жүрегің қашанда ел деп соқсын. Ұлтыңның болашағына, саулығы мен салауаттығына, бүкіл болмысы мен қадір-қасиетін арттыруға жаныңды сал. Тариx толқынының талқысында тұралаған, тамұқта есеңгіреген, қазақтың асқақ көшін елдікке бастаған арыстарымыздың арманын жалғайтын "ұлтым" дейтін ұрпақтан бол! Қайсар жігерің, бауырмал мінезің болсын! Өміріңнің шуақты күндері көп болсын!
Жаратқан ием жаныңа - мұң, таңыңа көлеңке түсірмесін! Арманға жол көрсетер шамшырағың қашанда жарық болсын!» делінген бұл жазбада.
Бұл тілекке instagram әлеуметтік желісін пайдаланушы жұртшылық өз тілектерін білдірген. 

БЕКЖАН ТҰРЫС БАЛАСЫНА ҚАНДАЙ АҚЫЛ АЙТТЫ?

 

БЕКЖАН ТҰРЫС БАЛАСЫНА ҚАНДАЙ АҚЫЛ АЙТТЫ?

 


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: