Facebook WhatsApp Instagram

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА ТҮРКІТІЛДЕС 11 ЕЛДІҢ АРТИСТЕРІ ӨНЕР КӨРСЕТТІ

 

22 наурыз күні барлық елмен бірге қызылордалықтар да Наурыз мерекесін тойлады. Қаладағы орталық алаңда 30 киіз үй мен 6 шатыр тігіліп, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне билет сатып алуға болатын көрме павильоны ұйымдастырылды.
Орталық алаңда әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Наурыз көже дайындау сайысы өткізіліп, аспаздар басты мерекелік тағамды әзірлеу бойынша шеберліктерін сынға салды. Олардың өнеріне көрермендер мен жалпыхалықтық серуенге келгендер қазылық етті.
Барлық қала тұрғындары мен қонақтарына облыс әкімдігінің шақыруымен «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының өкілдері өнер көрсетіп, бауырлас 11 халықтың әндері мен билері орындалды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев орталық алаңға жиналғандардың барлығын Наурыз мерекесімен құттықтап, бақыт, бірлік пен береке тіледі.
— Былтыр біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойын ауызбірлікпен атап өттік. Жылды жемісті қорытындыладық. Мерейлі жылы Сыр елі орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту және тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша облыс республика аймақтарының арасында көшбасшылар қатарында. Төртінші жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім жинап, күрішшілерімізді Елбасы арнайы құттықтады,- деді Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ, қызылордалықтарды мерекелерімен «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы, ҚР бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов құттықтады. Мерекелеу барысында Қырымбек Көшербаев пен Дүйсен Қасейінов екі сәбидің тұсауын кесті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: