1. Қай жерде ақша туралы әңгіме қозғалса да Сіз ақшаны жамандамаңыз. Бұл Сіздің өмірлік салт-дәстүр, дағдыңызға айналсын. «Ақшам жоқ, ақша жетпейді» деп ешқашанда айтпаңыз. Олай десеңіз, Сізден ақша қашады. Керісінше, Сіз «Мені ақша жақсы көреді», «Күннен – күнге менің қаражатым көбейіп, табысым артып келеді» деген сөзді жиі-жиі айтыңыз, олай деуге қымсынбаңыз, қорықпаңыз.
2. Ақша жинаңыз. Тек ақшаны тойға, жақсылыққа, оқуға, жаңа дүние сатып алуға, саяхатқа шығуға, жақсы демалуға жинайтын болыңыз. Ақшаны «қара күнге» деп жинамаңыз.
3. Ақша жинауда, оны ұсатып жұмсауда бай адамдардың психологиясын зерттеңіз, соларға еліктеңіз. Өзіңізді бай адамның орнындамын деп есептеңіз. Қоғамдық көлікпен жүрсеңіз «Мен мұны қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігін білу үшін уақытша мініп жүрмін» деген ойда болыңыз. Өзіңіздің бұл ісіңізді баюға психологиялық тұрғыда дайындалу деп түсініп, күнделікті өмірде ұсақ-түйектерге көп көңіл бөлмеңіз.
4. Ақшаны адал жолмен қалай тапсаңыз, оған да солай адал болыңыз. Ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғанындай, біреуге артық ақша бермеуді, біреуден артық ақша алмауды қадағалаңыз. Сатушы жаңылысып, Сізге артық ақша қайтарса, немесе бір затыңызды сатып алушы құнынан артық ақша ұсынса, оны қайтарып беріңіз. Қиянат жасағанды ақша ұнатпайды.
5. Ешқашан тың ойлардан, жаңа қадамдардан, жаңалықтардан, жақсы істерден бас тартпаңыз. Олар Сізді жаңа табыстарға жетелейді.
6. Ақша – үлкен қуат көзі болғандықтан, әрі ұқыптылықты жақсы көретіндіктен ең бірінші жақсы әмиян таңдап алыңыз. Сосын оған әр тиынды дұрыстап тұрып салыңыз, әмияныңызды сыртынан сипап, оған жылы сөздер айтыңыз, ақшаның еркелеткенді жақсы көретінін естен шығармаңыз.
7. Маңдайға біткен дәулет үшін өтем төлеу жақсы. Байлықты сақтап қалу үшін қайырымдылық шараларына мол шығын шығарып, жаманшылықтың алдын алады, мешіт, медіресе, аурухананы өз қаржысымен салдырып, халыққа сыйға тарту – бұрыннан жалғасып келе жатқан сауапты іс. Тек оны атын шығару үшін жасамау қажет.
8. Ақша өзіңді жақсы көруі үшін алдымен Сіз ақшаны жақсы көріңіз. Алайда ақшаны ар-ұяттан, ұлттық мақсат-мүддеден жоғары қоймаңыз. Жетпей, таусылып, қарызға батып қалған кезде ғана ақшаны ойламай, оны әрдайым байлық ретінде жақсы көріп, оның молаятынына кәміл сеніңіз. Ақша жолы болмайтын, өзіне-өзінің сенімі жоқ адамдардан қашады. «Маған сондай жалақы, сондай ақша жетеді», — деп, ақшаға шектеу қойып, өзіңіздің табыс көзіңізді жауып тастамаңыз. Табысыңыз өз қажеттілігіңізден артылып жатса, қайырымдылық жасаңыз. Ақша қайырымдылықты жақсы көреді.