Үрмия Бейсова: Вакцина талай адамды ажалдан арашалады
Өзі біздің жастық шағымыз Кеңес үкіметінің тұсында өтті ғой. Ол уақытта да ел ішінде түрлі аурулар болды. Сол кезеңдерде әлгі вирустарға қарсы екпе салдырып, талай адам ажалдан аман қалғанын көзімізбен көрдік. Мына жұрттың құтын алған коронавирус инфекциясында жеңудің бірден бір жолы вакцина деп есептеймін.
Қараңызшы, бүгінде әлемді дүрліктірген тәж-тажалмен күресіп келе жатқанымызға бір жылдан асты. Алайда коронавирус қарқынының басылар түрі жоқ. Бүгінге дейін індеттің ілмегіне ілінгендердің саны елімізде 276 мыңнан асты. Ал өңірімізде 4490 науқас тіркелді. Міне, сондықтан вакцина салдыруда, сақтық шараларын жасауда адамдардың ат-тонын ала қашуы дұрыс емес. Жалпы өз денсаулығына, халықтың, елдің амандығына алаңдаған әрбір адам екпе салдыру қажет. Төтеннен келген ауруға осылай ғана тойтарыс бере аламыз, – деді медицина саласының ардагері Үрмия Бейсова.