Садық Әлиев: Вакцина қауіпті індетке қарсы иммунитетін қалыптастырады
Жалағашқа көршілес Сырдария ауданы “қызыл аймаққа” енді. Осыны естігеннен бері көңіл түкпіріндегі алаңдаушылық сезімі өрши түсті. Әсіресе біздің ауданда да уақыт өткен сайын артып отырған індет күрт өсуде, толастар емес.
Ресми ақпарат көздерінде күнделікті салыстырмалы түрде мәлімет жарияланып отыр. Дегенмен, күдер үзіп, көңілді күмәнді ойлармен толтыруға да болмайды. Былтыр қанша қазақстандықты жақынынан айырған вирусқа қарсы вакцина табылмаған болатын. Ал қазір дерттің бетін қайтаратын вакцина жасалып, тіпті екпе жұмыстары басталып та кетті.
Аудандағы осыған байланысты жұмыстар 9 наурызда басталып, бірінші кезең бойынша тізімде тұрған адамдарға екпе жасалды. Ал екінші кезеңі 30 наурызда қайталанды. Естуімізше, ел арасында тараған вакцинаның кері әсері турасындағы алып-қашпа әңгіменің салмағы жоқ секілді. Өйткені вакцина қабылдаған адамдар, еріктілер қазір ортамызда жүр. Қызмет бабымен болсын араласамыз. Бірақ ешқандай кері әсері болды, денсаулығым сыр берді дегенді естімедік. Қайта халық вакцинаның келген мезетінде қабылдап, қауіпті індетке қарсы иммунитетін қалыптастырып алғаны жөн секілді.
Әлемді дүрбелеңге салған індетке қарсы тұруға иммунитет қалыптастыру керек. Айналып келгенде, ортақ тәртіпке бағыну, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, еркінсуге әлі ерте деген ескертулерді жадымызда мықтап ұстасақ. Тек неде болса сақтанамыз, ақ халаттылардың ескертпелерін қатаң орындап, ортақ тәртіпке бағынамыз. Бұл бізге жақсылық әкелмесе, жамандыққа жол ашпайтыны анық. Бастысы, өз денсаулығымызға жақсы қарау, күтіну мен сақтану, отбасымыздың амандығы мен еліміздің тыныштығы.
Садық АЛИЕВ, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы