Облыстық психикалық денсаулық орталығының 62,5 пайызы ревакцинациядан өтті
Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығында 867 медицина қызметкерінің 91,9 пайызы толық вакцина салдырған. Бүгінде орталық қызметкерлерінің арасында ревакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов хабарлады.
- Облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте қызмет етіп келеді. Ақ халаттылар екі жыл қатарынан провизорлық стационарда жұмыс істеп, науқастарды індеттің ілмегінен арашалауға бар күштерін салды. Қазіргі таңда біздің қызметкерлер КВИ-ға қарсы вакцина салдыруда белсенділік танытуда. Сондай-ақ, ревакцинациядан өткен мамандарымыздың қатары көбейіп келеді. Барша облыс тұрғындарын індеттен қорғануға шақырамын, - деді Аман Бөкенбайұлы.
- Облыста эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты. Дегенмен, әлі күнге дейін қауіпті дертке шалдығып жатқан науқастар тіркелуде. Коронавирус індетін жоюдың бір жолы – вакцина салдыру екені барлығымызға мәлім. Осыған орай, қалалық емханалармен бірлесе отырып, облыстық психикалық денсаулық орталығының 62,5 пайыз маманы «Qazvac» екпесімен ревакцинациядан өтті, - деді облыстық психикалық денсаулық орталығының эпидемиолог дәрігері Салтанат Қалмырзаева.