Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидмаусымның басталуына орай жіті респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен сырқаттану жағдайына және Қазақстандағы, сонымен бірге шетелдегі тұмау вирусының айналымына күн сайынғы мониторинг жүргізеді. 2022-2023 жылғы жаңа эпидмаусымда облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекцияның 8992 жағдайы тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 1057,2 құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,2 есеге артқандығын көрсетеді. Ауруға шалдыққандардың 65% - 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Сонымен қатар жүкті әйелдер арасында ЖРВИ-дің383 жағдайы есепке алынған.Науқастанғандардың ауруханаға жатқызылу көрсеткіші – 15,2% құрап отыр.
2022-2023 жж. эпидмаусымынының 40-46 апталарында облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекциясының ауыр ағымдағы 508 науқастың сынамасы тұмау ауруына тексеріліп, нәтижесінде зертханалық жолмен нақтыланған тұмау ауруының 256 жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі тұмау вирусының В түрі (254 жағдай), қалған 2 жағдай тұмау вирусының А түрі анықталды. Тұмау ауруына шалдыққандардың 54% - 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде.
Бұдан бөлек, жедел респираторлы вирусты инфекциясының ауыр ағымындағы 540 науқастан алынған сынамалар ПЦР әдісімен тексеріліп, нәтижесінде 17 сынамада тұмау емес вирустар анықталды, 70,6% немесе 12 сынамадан РС-вирусы, қалған 29,4% немесе 5 сынамадан риновирус нақтыланды.
Тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биыл 85000 доза вакцина қоймаға жеткізілді. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылды. Препараттың құрамына қосылған «Полиоксидоний» иммуномодуляторының арқасында иммунофармакологиялық әсері күшее түскен. Иммундық статустың түзілуі арқасында ағзаның басқа жұқпаларға төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидаларына сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Олар медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар және балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйінің контингенті. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін тұмау вирусына қарсы 82 мыңнан астам адам екпе салдырды. Бұл вакцинациялауға жататын контингенттің 95,8%-ін құрайды.
Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті. Ең жиі кездесетін тұмау ауруының асқынуы – пневмония. Басқа да жиі кездесетін асқынулар - бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит.
Тұмау ауруы 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр ағымда өтеді. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада аймақтық дәрігергерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ЖРВИ және тұмаудан сақтану үшін вакцина алуға, сонымен қатар иммунитетті көтеру үшін салауатты өмір салтын сақтануға, жеке бас гигиенасын орындауға кеңес береді.
Қызылорда облысының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті