2022 жылы Қызылорда облысында кәсіптік аурулар мен улану жағдайлары орын алған жоқ.
Өткен жылы санитариялық қадағалау өнеркәсіп пен ауылшаруашылық, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің жеке кәсіпорындары бойынша 112 нысанға жүргізілді. Аталған объектілерде барлығы 13 689 адам жұмыс жасайды, оның ішінде зиянды еңбек жағдайларында 11 919 адам қызмет етеді. Кәсіпорын цехтарындағы негізгі өндірістік зиянды жағдайлар - жұмыс орындарындағы қолайсыз микроклимат, шектен тыс газдың бөлінуі, шу, вибрация, ал ауылшаруашылық саласында бұл аталғандардан бөлек улы химикаттар, тыңайтқыштар мен өзге де жағымсыз факторлар қосылады.
Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары қызметкерлердің еңбекке қабілеттілігін уақытша жоғалту жағдайларына талдау жүргізді. Бұл ретте, 100 жұмысшыға шаққандағы сырқаттанушылықтың ең жоғары көрсеткіші Қызылорда қаласында байқалады-61,1%. 100 жұмысшыға шаққанда сырқаттанушылықтың ең төмен көрсеткіші Сырдария ауданына тиесілі-2,1%.Сырқаттанушылықты талдау және қызметкерлерді сауықтыру бойынша жасалған іс-шаралар жоспары негізінде олардың барлығы қала, аудан емханаларында диспансерлік есепке алынды.
Сырқаттанушылықтың басым бөлігінЛОР аурулары құрайды (30%), одан кейін жүрек-қан тамыр аурулары (20%), тыныс жолдары аурулары (20%), тірек-қимыл аппараты аурулары (10%), несеп-жыныс жүйесі (10%), ЖРА (5 %), ас қорыту органдары (5%).
Тыныс алу органдары ауруларының таралуы - жұмыс аймағы ауасының шаң-тозаңдануы мен газдануы, құрғақ климатқа байланысты ауаның жоғары шаңдануы себеп деп болжанады.
2022 жылы 31 эпидемиялық маңызы жоғары өнеркәсіп объектісі зертханалық-аспаптық зерттеу әдістерін қолдана отырып тексерілді.Нәтижесінде 3 нысанда ШРД-ден асып кету деректері анықталды, үшеуі де мұнай және газ өндіру саласында.
Тексеру барысында электромагниттік өріске 115 жұмыс орны тексеріліп, 10 жұмыс орнында ШРД-ден асып кету деректері тіркелді. Шуға 277 жұмыс орны тексеріліп, ШРД бойынша 39 сәйкессіздік анықталды. Вибрацияға 44 жұмыс орны тексеріліп, 4 сәйкессіздік орын алды. 1639 жұмыс орны микроклиматқа тексерілді, 112-сі ШРД-ге сай болмай шықты. 562 жұмыс орны жарықтандыру бойынша тексерілді, нәтижесінде 49 сәйкессіздік тіркелді. Тексеру қорытындысымен 20 санитариялық ұйғарым беріліп, 20 әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді.
Динара ЖАНАБЕРГЕНОВА,
Қызылорда облысының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің басшысы