Тұмау жыл сайын көптеген елдерде эпидемиялық сипатта таралатын жаһандық инфекция. Бұл аурудың эпидемиологиялық маусымы күз, қыс, көктем мезгілдерін қамтиды. Қазақстанда, әлемнің басқа елдеріндегідей тұмау және ЖРВИ денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Сурет:
inform.kz Қызылорда облысы бойынша 2023-2024 жылғы жаңа эпидмаусымда жіті респираторлы вирусты инфекцияның 22 170 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың 67 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 10 пайызы - 1 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Ауруханаға жатқызу көрсеткіші 5 пайызды құрады.
2023-2024 жылғы эпидмаусымда жалпы облыс бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ауыр ағымындағы 560 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексерілді. Нәтижесінде зертханалық жолмен тұмау ауруының 21 жағдайы нақтылады. Басым бөлігі, яғни 71,4 пайыз облыс орталығында тіркелді. Анықталған 21 тұмау вирусының 5 пайызы В штамына сәйкес келсе, қалған 95 пайызы А түрінің үлесінде.
Тұмау емес вирусты анықтау мақсатында 560 сынама зерттеумен қамтылып, нәтижесімен 139 тұмау емес вирустар анықталды, оның ішінде парагрипп-12, РС-54, риновирус-29, аденовирус-44.
Тұмау ауруының алдын алудағы ең тиімді әдіс – вакцинация. Вирусқа қарсы иммундау науқаны жыл сайын күзде басталады. Бұл екпе аурудың ауыр түрлерін, ауруханаға түсу жағдайларын, өлім-жітімді төмендетеді, тұмауды жұқтырып алу қаупін сейілтеді, жалпы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға өз септігін тигізеді.Вакцинация қауіпсіз. Вакцинациядан кейін кейбір адамдарда екпе жасаған жерде қызару және ауырсыну, бас ауыруы және бұлшық ет ауыруы, азғана дене қызуы, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Бұл әсерлер тез жойылады.
Тұмау ауруының алдын алу мақсатында ҚР Үкіметінің «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қаулысына сәйкес 84430 доза вакцина сатып алынды.
Екпе емханалардағы егу кабинеттерінде жүргізіліп, 83168 азаматқа тұмауға қарсы вакцина салынды, оның ішінде балалар саны-20418, ересектер саны-62750. Жұмыс берушілер тарапынан 1000-нан астам жұмысшы егілді.
Жалпы облыс бойынша 2023-2024 жж эпидмаусында 84168 азамат тұмауға қарсы егіліп, облыс тұрғындарының 10 пайызын құрады.
Әлия Әбдіқайымова,
Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары