9 сәуір күні Ақтөбеде алып сәби дүниеге келді. Ата-анасы әлі есімін қоймаған ер бала 6 келі 600 грамм болып туылған. Бұл жайында Керек-инфо хабарлады.
Алып баланың анасы Пригородный елдімекенінің тұрғыны. Ұлын отасыз-ақ, өзі босанған Сәуле Қанатова 34 жаста. Бұл - Сәуленің төртінші перзенті.
Ақтөбе облыстық перинаталдық ауруханасы меңгерушісінің орынбасары Нұрлан Ізімовтің айтуынша, қазір ана мен баланың денсаулығы жақсы. Баланың бойы 66 см. Ертең яғни, сәуірдің 11-і күні екеуі үйлеріне жіберіледі.
Салмағы 7 келіге жуық сәбиді Сәуленің палатасына келіп қызықтаушылар өте көп. Тіл-көзден қорыққан жас ана сәбиінің маңдайына жасыл дәрі жағып қойған.
Дәрігерлердің айтуынша, облыс тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған.