Жаяу жүру - жүрек, қан тамырлары жұмысының қалыпқа түсуіне өте пайдалы. Жаяу жүрудің өкпеге пайдасы мол әрі тыныс алу жолдары кеңейеді. Ең бастысы, таза ауамен демаласыз. Таза ауадан кейін тамаққа тәбетіңіз артады. Және керісінше тамақты көп ішіп қойсаңыз, жаяу жүру тамақтың сіңірілуі мен артық салмақ қоспауға, артық салмақтан арылуға көмектеседі.
Жалпы, түрлі массаж кабинеттері мен тренажер залдарына барғаннан гөрі жаяу жүру әлдеқайда пайдалы көрінеді. Ал көпқабатты үйде тұратындар үшін баспалдақпен көтеріліп-түсудің өзі – жаттығу дейді мамандар.
Жаяу жүрудің ағзаға қаншалықты пайдалы екеніне тоқталайық:
1. Салмағыңызды бір қалыпта ұстауға көмектеседі
Аустралиялық ғалымдар 2013 жылы зерттеу жұмысын жүргізді. Олар 822 адамның салмағын өлшеп, әр қатысушының 4 жылдың ішінде 1 килограмм 400 грамм қосқанын анықтады. Жұмысқа көлікпен барғандардан, жаяу барған адамдардың салмағы 900 граммға кем екені мәлім болды.
2. Қаныңыздағы қант мөлшерін реттейді
Жаяу жүрудің арқасында қаныңыздағы қант мөлшерін реттеуге болады. Diabetes Care журналында жарияланған ғалымдардың зерттеуі бойынша, тамақтан кейінгі 15 минуттық серуен қандағы қант мөлшерін реттеуге көмектеседі.
3. Көңіл-күйіңізді көтереді
Америкалық психолог Роберт Тайер "10 минут жаяу жүрсеңіз, 2 сағат көңіл-күйіңіз көтеріңкі жүреді", - дейді.
4. Есте сақтау қабілетіңізді арттырады
Аптасына 3 рет 40 минуттан жаяу жүретін жандардың есте сақтау қабілеті 2%-ға жақсарады.
5. Жаяу жүру жүрек ауруларының алдын алады
Күніне кем дегенде 15 минут жаяу жүрген адам жүрек ауруларының алдын алады.
6. Қатерлі ісіктің кейбір түрінен сақтайды
Жаяу жүру зат алмасу процесін жақсартып, иммунитетіңізді көтереді. Америкалық онкологиялық орталық күніне 1 сағат жаяу жүрген әйелдердің сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресуге қауқары бар екенін айтады.
7. Адам терісінің жақсаруына әсері мол
Өйткені таза ауада адам терісі оттегімен толығып, токсиндерден тазарады. Сондай-ақ адамды стресстен арылтады, жүйке жүйесін тыныштандырады.
8. Бәрінен де кешкі астан кейін таза ауада серуендеу пайдалы, ол түнгі ұйқыңыздың тыныш, жайлы болуына әсер етеді.