Аудандық мәдениет үйінде Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін салушы, әлемге әйгілі академик Камал Сәруарұлы Ормантаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған аудан халқымен кездесу кеші өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Сұлтан Мақашов - Әрбір адам баласы басқалардан өзіне тән ғұмыр жолы, кісілік келбеті, азаматтық тұлғасымен ерекешеленеді. Сіздің адами асқақ қасиетіңіз, елге еткен еселі еңбегіңіз – өнегелі өмір жолыңыздың алтын діңгегі. Сіз қасиетті Қармақшыдан түлеп ұшып, елдің атын еңбекпен шығардыңыз, жылы жүрек, парасатты біліміңізбен талай жандарға «екінші өмір» сыйлап, медицина саласында ғылыми мектептердің негізін қаладыңыз. Қаншама отбасының үзілгелі тұрған үміттерін қайта жалғап, періште сәбилердің өмірі үшін күресіп, мыңдаған шаңырақтың шамын қайта жақтыңыз. Елдің өзіңізге деген алғаусыз алғысы мен ақеден тілегі Сізді «Алтын Адам» атандырды, - дей келе, Ұлы дәрігерді мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат табыстап, құрмет көрсетті. Сондай ақ кездесуде ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесшісі Төрегелді Шарманов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановтар ғалым туралы жақсы пікірлер айтып, ақ тілектерін жеткізді. Шара соңы мерейтой иесінің құрметіне концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.