Қызылордада коронавирус жұқтырғандардың жағдайы қалай?
Бүгін Қызылорда облысында тағы үш адам коронавирус жұқтырып, олардың жалпы саны 5-ге жетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов науқастардың жағдайы жайында журналистермен өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын аталған ауруға байланысты 2 жағдй тіркелген болатын. Енді олардың қатарына тағы үшеуі қосылып отыр. Бүгінгі тіркелген дерек лабораториялық зерттеулер арқылы нақтыланды.
«Бүгін тіркелген үш науқастың біреуі бұдан бұрынғы екі науқаспен қарым-қатынаста болған. Қазір Жаңақорған ауданаралық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Оның шағымы - жалпы әлсіздік және дене қызуының көтерілуі. Екінші науқас 20 наурызда науқас АҚШ-тан келген. Ол 1В санатына енгізілген мемлекет болғандықтан үй карантиніне алынған еді. Кеше деен қызуы көтерілді. Жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Алынған анализі оң нәтиже көрсетті. Оның жағдайы қанағаттанарлық, ол дене қызуының көтерілуіне шағымданады. Үшінші азамат Қызылорда қаласында тұрады. Оның дене қызуының көтерілген, улану симптомдары байқалып, денесінде бөртпе пайда болған. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында зерттеме алынып, диагнозы нақтыланды. Ол осы уақытқа дейін қызылша ауруы бойынша шағымданған еді. Жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланды. Қазіргі таңда бекітілген хаттамаға сәйкес, науқастардың емі жүргізілуде. Қызылшамен ауырып түскен науқастың жағдайы кешегі күнге қарағанда жақсарып келеді», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, Қызылорда қаласы мен облысты караниге жабу мәселесі қаралуда. Нақты шешім кейін белгілі болады.