Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

Аралда 20 мобильді топ жұмыс жасауда

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режимде Арал ауданының эпидемиологиялық ахуалына қатысты мәжіліс өтті.
Мәжілесте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев індеттің алдын-алу және таралуын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Қазіргі таңда аудан бойынша 115 адам «COVID-19» ауруын жұқтырғаны анықталып, оның 105-і жазылып шықса, 10 адам жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем алуда.
Жалпы 26 маусымнан бастап ауданда пневмониямен ауырғандар саны 746 адамға жетті. Оның ішінде провизорлық режимде 214 адам ем алып, 100 адам жазылып шықты.
Бұдан бөлек, үй жағдайында 532 адам ем алып, оның 338-і қазіргі таңда жазылып шықты. Қалған 194 адам әлі де үйден ем қабылдауда. Барлық науқастар дәрігерлік емханалармен қатаң бақылауға алынған.
Сонымен қатар, қажеттілік туындаған жағдайда Арал қаласында орналасқан А.Байтұрсынов ауылдық емханасынан 120 орындық, Жақсықылыш кенттік емхана ғимаратынан 25 орындық провизорлық қосымша орталықтар ашу жоспарлануда. Аталмыш орталықтар «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы базасынан (120 орындық) және Арал қаласындағы аудандық мәдениет үйінен (35 орындық) ашылатын болады. Барлығы 300 орынға шақталған ғимараттарды жөндеу, бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда барлығы 7 өкпені жасанды желдету құрылғысы (ИВЛ), 15 кислородты редуктор және күнделікті 15-20 кислородты баллондар пайдаланылуда.
Мұнымен бірге, алдағы уақытқа 200 төсек-жайма, қосымша 20 дана кислородты концентратор мен алғашқы керек заттарға «Аралтұз» акционерлік қоғамына 54 млн. 500 мың теңге бөлуге демеушілік ретінде сұраныс берілді.
Арал ауданы бойынша 20 мобильді топ жұмыс жасауда.
Облыс әкімі Арал ауданының әкіміне күшейтілген режимде жұмыс жасауды, дәрі-дәрмек, қажетті аппараттардың жетіспеушілігін алдын-алуды және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына аудандағы медицина қызметкерлеріне жағдай жасауды тапсырды.
«Дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры уақытылы толықтырылып отыру керек. Ауылдардағы жағдай назардан тыс қалмасын. Ол жерлерде де қосымша провизорлық орталықтар ашуды қарастырыңыздар. Жалпы инфекциялық стационарды көбейтіңіздер. Оттегі концентраторларында да тапшылық болмасын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медицина мекемелерінде жұмыс жасайтын қызметкерлерге жақсы жағдай жасалсын. Жалақы мәселесі мүлдем туындамау керек. Қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етіңіздер», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: