Қызылорда облысының халқына берілетін ауыз сумен жабдықтаудың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің қызметіндегі негізгі міндеттердің бірі. Ауыз су химиялық құрамы бойынша зиянсыз және жағымды органолептикалық қасиеттерге ие болуы тиіс. Ауыз судың эпидемияға қатысты қауіпсіздігі оның микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштері бойынша нормативтерге сәйкес келуімен айқындалады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында 205 сумен жабдықтау объектісі бар, оның 83,4% - орталықтандырылған жүйелердің су құбырлары және 16,6% орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері. Қызылорда облысының халқы негізінен жер асты су көздерімен қамтамасыз етілген.
2022 жыл көлемінде 171 орталықтандырылған сумен жабдықтау объектісінің барлығы ерекше тәртіп бойынша жоспарланып, тексерумен толық қамтылды.
Облыс көлемінде 2022 жылы орталықтандырылған ауыз судың санитариялық-химиялық көрсеткіштеріне 1223 су сынамасы алынып, оның 101-і талаптарға сәйкес келмеді, су сапасының сәйкессіздігі 8,2 пайызды құрады. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша анықталған сәйкессіздіктер негізіненсу құрамындағы сульфаттар, құрғақ қалдық, хлоридтер, кермектіліктің нормадан жоғары болуына қатысты анықталды.
Ауыз судың микробиологиялық көрсеткіштеріне 1239 су сынамасы алынып, оның 110-ы талаптарға сәйкес келмеді, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы - 8,8 пайызды құрады.
Сумен жабдықтау объектілеріне ерекше тәртіп және жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша 30 айыппұл салынып, өндірілді, 11 бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, 13 адам жұмыстан уақытша шеттетілді.
Ауыз су сапасының зертханалық мониторингі барысында анықталған сәйкессіздіктер бойынша су жүйелері объектілеріне ревизия жұмыстары жүргізіліп, жуу-тазалау және дезинфекциялау жұмыстары толық жүргізілді.Ауыз судың қайталама үлгілері алынып, сәйкессіздіктер орын алған жоқ.
Бұдан бөлек, жыл сайын облыс көлеміндегі барлық орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінде көктемде және күзде жуу-тазалау, залалсыздандыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.2022 жылы Қызылорда облысында халық арасында су факторымен байланысты инфекциялық сипаттағы аурулар тіркелген жоқ
Өңір халқына берілетін ауыз сумен жабдықтау сапасын бақылау бойынша жұмыс жалғасады.
Динара Жанабергенова,
Қызылорда облысының санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы