Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАНЫНАН ОҢАЛТУ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ

АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАНЫНАН ОҢАЛТУ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫМұндай бөлімше республикада бірінші болып Қызылорда облысында іске қосылып отыр. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған 30 төсектік оңалту бөлімшесін іске қосу үшін облыстық бюджеттен 38 млн. теңге жұмсалған. 
Дәрігерлер осындай бөлімшенің ашылуы жаңа босанған аналардың денсаулығын ұдайы бақылап, оларға тиісті медициналық көмек көрсету үшін, әсіресе ана мен бала денсаулығын жақсартуда септігі мол дейді. 
- Денсаулығы нашар, ауыр халдегі және босанғаннан кейін де медициналық көмекке зәру аналарды үйіне жібермей осы бөлімшеде емдейміз. Сонымен қатар, орталықта жас аналар мектебі жұмыс істейді. Баланы күту, отбасын жоспарлау сияқты мәселелерде мамандар кеңес беріп отырады. Алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында осындай оңалту орталықтарын ашу жоспарлануда, - дейді облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Ләйлә Құлтаева. 
Перинаталдық орталықта қазір 273 әйел ем алуда. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында орталыққа облыс әкімдігі тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Тек қана 2015 жылдың өзінде 91 млн. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынған. Сонымен қатар, жүкті әйелдер үшін арнайы тіс емдеу бөлімшесі де іске қосылған. 
Ана мен бала орталығының тағы бір жетістігі жақында медициналық-генетикалық бөлімше ашылды. Енді дәрігерлер соңғы үлгідегі құрал-жабдықтардың көмегі арқылы ерте мерзімінде, яғни нәресте туылмай тұрып оның денсаулығын тексере алады. Демек, дені сау ұрпақты дүниеге алып келуі үшін жүкті әйелдерге дер кезінде бағыт-бағдар беріп отырады. Медициналық тілмен айтқанда жүкті әйелдерді генетикалық скринингтік тексеруден өткізуге мүмкіндік алды. Бұл орталықта Израиль мемлекетіне барып, біліктілігін арттырып келген мамандар жұмыс істейді. 
Жаңа технологиялардың арқасында қазір дәрігерлердің де жұмысы біршама жеңілдеген. Қазір облыстық ана мен бала орталығында аймақтың барлық елдімекендеріндегі жүкті әйелдердің жағдайына қатысты мониторинг жүргізіп отыруға мүмкіндік туды. Орталықтандырылған бұл жүйе арқылы денсаулығында ақауы бар немесе жүктілік кезеңі ауыр өтіп жатқан әйелдер үнемі мамандардың бақылауында болады деген сөз. 
Бүгін орталықтың жұмысымен танысу үшін арнайы барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қандай жағдай болмасын ана мен бала денсаулығы үшін барлық қолдау көрсетілетіндігін айтты. 
- Кез-келген уақытта ана мен баланың денсаулығын жақсарту үшін, оларға жағдай жасау мақсатында біз барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Денсаулық сақтау саласына қажет, әсіресе ана мен балаға керек көмек көрсетіледі, тиісті қаражат та бөлінеді. Бірақ қолдауға сай дәрігерлердің жұмысының да нәтижесі болуы тиіс, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: