Қызылордада орта жастағылар коронавирусты көп жұқтырған
Қызылорда облысы бойынша COVID-19 инфекциясының 3463 дерегі тіркелді. Тіркелген жағдайлардың 2,4 пайызы сырттан тасымалданған, 57,7 пайызы скринингтік тексеру нәтижесінде анықталған болса, 39,9%-ы қарым-қатынас арқылы жұқтырған.
Сондай-ақ, коронавирус инфекциясымен айлық нәрестеден бастап 99 жас аралығындағы азаматтардан анықталды. Оның ішінде, жоғарғы көрсеткіш 20 жастан 69 жас аралығында тіркелді. Дегенмен де 70-79 жас шамасындағы азаматтар арасында да байқалуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.
- Пандемия басталғалы облыс бойынша 2150 ошақ анықталып, барлығына қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Індетке қарсы профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыста вирустық этиологиядағы пневмония ауруының 310 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, жеті жағдай қаңтар айында анықталды. Бұған қоса, бүгінге дейін 26 оқушы COVID-19 ауруына шалдықты. Бүгінде мектептер санитарлық талаптарды қатаң сақтауда,-деді Динара Олжабайқызы.
-Қазіргі таңда, 79 жедел жәрдем бригадасы халыққа қызмет көрсетуде. Мұнан өзге, 40 дана санитарлық автокөлік алынды. Жеке қорғаныш заттарының 2 айлық қоры жасақталды. 210 инфекциялық төсек-орын бар. Медициналық ұйымдарға санитайзерлер орнатылды. Індетпен күресте, оны жою жолында Антымызға адал еңбек ете бермекпіз. Ал Сіздерді әлі де болсын сақтық шараларын қатаң сақтап, індетпен күресуге жұмыла атсалысуға шақырамын,-деді облыстың бас дәрігері Сәбит Пазилов.