Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылдық округіндегі ауруханада соңғы науқас емделіп шығып, провизорлық стационар жабылды.
Мәдениет ауылдық ауруханасынан провизорлық және КВИ стационарлар ашылып, 20 төсек орынға арналған аурухананың төсек қоры 105-ке жеткізілді. Індет өршіген кезде ақ халатты абзал жандар күні-түні көз ілмей еңбек етіп, науқастардың өміріне араша болды.
"Соңғы уақыттың ішінде стационарға коронавирус, пневмония дертімен науқастар түскен жоқ. Бүгін мұндағы соңғы 2 науқасты шығарып, провизорлық стационарды жаптық. Енді бұл жерлерге дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, аурухана халыққа қалыпты жағдайда қызмет көрсететін болады", – дейді провизор бөлімінің дәрігер меңгерушісі Әзизбек Жәмкеев.
Дәрігерлер провизорлық стационарда ем алып, үйіне асыққан соңғы 2 науқасты құрмет көрсетіп шығарып салды. Емделіп шыққан азаматтар алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге алғысын білдіріп, қолдау шараларын танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді.