Қызылордада учаскелік полиция инспекторларына 20 қызметтік көлік табысталды
Бүгін 6 қарашада Қызылорда қаласындағы Рәміздер алаңында учаскелік полиция инспекторларына 20 қызметтік көлік табысталды. Марапаттау салтанаты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық аспан астында өтті.
Полицейлер екі қатарға тұрып сап түзеді. Еңбегі еленген полицейлерді департамент бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ бүгін сырдың сақшыларына жаңа автокөліктердің кілті табыс етілді. Жол талғамайтын тұлпарлар учаскелік полиция инспекторларының иелігіне берілді. 20 автокөлік тұтастай заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Су жаңа көліктер ел тыныштығын күзетіп, темірдей тәртіпті сақтап жүрген полицейлер қызметінің жеделдігін арттырып, облыстағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге септігін тигізетіні анық.
«Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрі полиция және медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады.
Төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еткен 25 полиция қызметкері мен 4 медицина маманы «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Облыс әкімдігімен бірлесіп, Президент Жолдауын кезең – кезеңімен орындау мақсатында учаскелік полиция инспекторларына 20 автокөлік берілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан Қызылорда облысы Полиция департаменті Қызылорда қаласы Полиция басқармасының №11 озық учаскелік полиция пунктіне қызметтік автокөлікке сертификат берілді.
Учаскелік полиция инспекторларын қажетті техникамен қамтамасыз етіп, мәртебесін көтеру - Президенттің және Ішкі істер министрінің «Халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша нұсқауын сапалы және уақытылы орындауларына мүмкіндік береді», - деді департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы.
«Төтенше жағдай кезінде халық игілігі үшін еңбек еткен қызметкерлерге Мемлекет басшысының марапаты үлкен демеу. Карантин басталғалы күні – түні еңбек еттік. Артылған сенімді ақтауға тырыстық. Қиын уақытта медицина қызметкерлерімен бірге карантин режимін қамтамасыз етіп, тұрғындарға көмек көрсеттік. Бүгін, міне еңбегімізге жоғары баға беріліп отыр. Біздің еңбегімізді бағалаған басшылығымызға өзімнің және әріптестерімнің атынан шын жүректен алғыс айтамын» деді «Халық алғысы» медалімен марапатталған полиция аға лейтенанты Нысанқұлов Бауыржан.