Қызылорда қаласының тұрғыны Е. деген азамат бұрын сотты болғанынан еш нәтиже шығармай, қайта қылмысқа барған.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылдың қыркүйек айында өзінің сыбайластарымен бірге қала орталығында орналасқан букмекерлік кеңсесіне келген. Алғашында өз қалталарынан қаржы шығарып, компьютерлік ойын ойнап, ұтылып қалады. Сол шыққан шығынды қайтарып алу үшін ойынхана қызметкерінен өз ақшасын талап еткен. Ол іс–әрекетінен еш нәтиже шықпаған соң, қорқытып қалтасынан шаппасын алып, мойын тұсына тақаған. Жәбірленуші сыртқа шығуға әрекеттенгенде, сотталушы Е. қолынан ұстап алып, еденге күштеп лақтырып жібереді. Осыдан соң, сотталушы клуб қызметкерін қолындағы суық қаруымен қайта қорқытып, ақша тұрған сейфті ашқызып, 150 мың ақшаны ұрлап, оқиға болған жерден бойтасалаған. Жәбірленуші Д. деген азаматшаның сот-медициналық сараптаманың қорытындысында дене жарақат алғаны, денсаулығына «жеңіл» зиян келгені анықталды.
Сөйтіп, сотталушы жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, денсаулығына жеңіл зиян келтіріп, бөтен мүлікті ашық ұрлап, тонап, ҚР ҚК-нің 178-бабының 2-бөлігінің «а» тармағында көзделген қылмысты жасаған. Букмекерлік кеңсенің өкіліне қылмыстық әрекеттерінен келтірілген зиян 140 898 (бір жүз қырық мың сегіз жүз тоқсан сегіз) теңгені сотталушы Е. толықтай орнына келтірген.
Сотталушы Е. сот үкімімен ҚР ҚК-нің 178-бабының 2-бөлігінің (а) тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ, 5 жылға бас бостандығынан айрылуға жаза тағайындалды.