Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Соңында ізгіліктен із қалдырған

 – Ау, сен сонда Тотай Тәжіұлының туған інісі боласың ба?!
Бір жағынан таңданыс білдірген, екінші жағынан риза болған осындай сұрақты жұмыс бабымен кездескен көптеген адамнан естіген едім. Атап айтқанда Абдуламит Әбенов, Ұзақ Еспанов, Байзақ Момынбаев, Батырхан Остаев, Марат Төкенов, Мұрат Бақтиярұлы, Жаңыл Жонтаева секілді тағы да басқа көптеген есімі елге белгілі тұлғалар газет жұмысымен кездесу барысында маған осындай сұрақ қойып, оң жауабын алған болатын. 
Сонан кейін олар:
– Ой, Тотай Тәжіұлы нағыз ғалым адам ғой, өз ісіне шын берілген ондай адамдар өте сирек, – деп ол кісінің атына шын пейілімен ризашылық сөздерін арнап жататын. Жоғарыда келтірген тізімнен байқағандай, олардың көпшілігінің қызметі педагогика саласымен байланысты. Жалпы, Қазақстанда қазақ мектептерінде еңбек еткен ұстаздар қауымындағы аға буын өкілдері арасында ол кісіні білмейтіндер кемде кем.
Иә, осы жолдардың авторы ретінде атап өтерім, Қазақстан педагогика ғылымының дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз, ғалым, әдіскер, биыл жыл басында тоқсан жасқа қараған шағында дүниеден озған Тұрлығұл Тотай Тәжіұлының туған інісі боламын және оны мақтан етемін.
Әкеміз Тәжі Тұрлығұлов Сырдария ауданында ауыл шаруашылығын өркендетуге атсалысқан адам. Күріш егумен аты шыққан «Казрис» ұжымшарын (Қазір Кызылорда қаласына қарасты Досан ауылы) ұйымдастырушылардың бірі болды. Алғашқы кезде күрішшілер бригадасына жетекшілік етсе, 1940-1942 жылдары осы колхоздың партия ұйымының хатшысы қызметінде жалғастырады. Ал, 1942-1953 жылдары Сырдария ауданының «Ортақшыл», «Қызылту», «1Май» және «КИМ» колхоздарында төрағалық қызмет атқарады. Соғыс жылдары елді жұмылдырып, майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуде ерен еңбек үлгісін көрсеткен жан.
Үлкеніміз Асқар одан кейін Тотай және Әлен ағаларымыздың анасы Үміткүл Ерманқызы өмірден өте ерте өтіпті. Сол кезде баланың үлкені бес- алты жаста ғана екен. Кейінірек әкеміз біздің анамыз Зейнекүл Тоқтамысқызымен бас қосып, үш қыз екі ұл дүниеге келгенбіз. Мен ең кенжесімін.
Дүние есігін 1930 жылы ашқан Тотай ағамыздың замандастары сол кездегі заман ағымына сай қайнаған еңбектің ортасында өскені белгілі. Жас кезінен «Казрис» колхозындағы астықтан мол өнім алу бағытындағы тынымсыз еңбек, жауапкершілік, алға деген ұмтылысты жанымен сезініп өскенін айтып отыратын. Кешегі кеңестік кезеңде Қазақстан комсомолының "Даңқ" мұражайында төмендегідей құжат болды. «1941 жыл. Алтыншы класта оқыған Тотай Тұрлығұлов Қызылорда облысының Сырдария ауданында колхозда жұмыс істеп, 90 еңбеккүн тапқан. Ал ол оқыған мектептің пионерлері мен комсомолецтері 6800 еңбеккүн істеген. Тотай Тұрлығұловты және оның құрдастарын іздеп табыңдар!».
Үш ағамыз да Қызылорда педагогикалық институтында білім алды. Тотай ағаның таңдағаны тарих. Білімділігімен, алғырлығымен көзге түскен жас жігітті қала басшылығы институт бітіргеннен кейін комсомол жұмысына тартады. Көп ұзамай Қызылорда қалалық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне сайлайды. Осылайша, 22 жасында қала жастарының көшбасшысы атанды. Дегенмен, әуел бастан білім саласында еңбек етуді мақсат тұтқандықтан комсомолдағы екі-үш жыл қызметінен кейін мектепке жұмысқа ауысады. 1954 жылы №43 мектепте ұстаздық қызметін бастап, тарих, география пәндерінен сабақ беріп, оқу ісінің меңгерушісі міндетін атқарады. Оның оқушыларды білім нәрімен қалай сусындатқаны туралы осы мектептің түлегі, Сыр журналистикасы корифейлерінің бірі болған Өтеген Жаппарханов ағамыз он жыл бұрын жариялаған «Ұстаз» атты мақаласында егжей-тегжейлі баяндаған болатын. Сабақты түсіндіру барысында тақырыпты барынша ашып, түрлі мысалдар келтіріп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын соншалықты оятатын ондай мұғалімді кездестірген емеспін деген ой айтады. Өтеген ағай ұстазын өмір бақи құрметтеп өткен жан. Екеуі де бір айдың ішінде келместің кемесіне мініп кеткен еді.
Біраз жыл мектепте істеп тәжірибе жинақтаған ағамыз аспирантураға оқуға түсуді мақсат тұтып, 1959 жылы жеңгеміз Аманжан екеуі Алматыға қоныс аударады. Бір жағынан сол кезде «Қазақстан мұғалімі» газетінің жұмысқа шақырған ұсынысы да дөп келген-ді. Осы редакцияда үш жыл еңбек етіп, 1962 жылы ҚазМУ-дың аспирантурасына оқуға түседі. Тақырып таңдау кезінде атақты тарихшы Ермұқан Бекмаханов «Тотай, сен мектепте тарихтан сабақ берген екенсің, Қазақстан тарихы енді ғана оқытыла бастады ғой, зерттеуге осы тақырыпты ал» депті. «Дуалы ауыздан шыққан осы бір ауыз сөз менің бүкіл ғылыми бағытымды, шығармашылық жолымды анықтап берген екен. Осы тақырып бойынша 1965 жылы кандидаттық, 1998 жылы педагогика ғылымының докторлығын қорғадым. Докторлық диссертацияны бұдан көп бұрын қорғауға болатын еді, бірақ та бұл мамандықтан арнайы ғылыми кеңес болмады. Ал, мен Қазақстан тарихын оқыту теориясы мен әдістемесіне арналған зерттеу бағытымды өзгерткім келмеді». Бұл жолдар – «Қазақтан тарихы» журналына берген сұхбатынан алынып отыр.
Қазір ғой, біреу академик атанып жатса да ешкім селт ете қоймайды. Ол уақытта ғылым кандидаты атану өте зор жетістік саналатын. Әйтеуір кішкентай кезімде ағаның бұл атаққа қол жеткізуі жұртшылыққа үлкен әсер еткені есімде. Аспирантурадан кейін еңбек жолы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жалғасты. 1965-1972 жылдары осы институтта тарих және географияны оқыту секторының меңгерушісі қызметін атқарса, ал 1972-1991жылдары ҚСРО Педагогикалық Ғылымдар академиясының Оқыту мазмұны мен әдістері институтының қазақ филиалында тарих, қоғамтану және географияны оқыту лабораториясын басқарды. Осы жылдары ұлт мектептерінде аталған пәндерді оқыту жайы ғылыми-әдістемелік тұрғыда зерттеліп, оның ерекшеліктері анықталады. Әдістемелері жасалады. Ал, еліміз тәуелсіздікке ие болып, мектептер жаңа білім мазмұнына көшкенде қоғамдық пәндер бойынша жаңа бағдарламалар, оқулықтар мен және басқа да оқу құралдары жазылады.
Осы істерге басшылық жасаған ғалым еңбегі туралы осыдан біраз жыл бұрын Қазақ Білім академиясының президенті қызметін атқарған, академик Өмірзақ Озғанбаевтың пікірін келтіріп кетелік. «Осы ұлы істің суығына тоңып, ыстығына күйіп, жоғын жинап, барын базарлы етіп, қайткенде оны алға бастырам деп, бар білімі мен күш жігерін жұмсап, ащы терін төгіп жүрген ғалымдарымыздың бірі, әдіскер ұстаз Т.Т. Тұрлығұл. Бүгінге дейін 50 жылға созылған ауыр да ардақты, қиыншылығы мол болса да, қуанышы да аз болмаған, бір айтып тамсануға тұратындай, қызықты да жемісті еңбек жолынан өтті. Тотай Тәжіұлының мектептерде тарих сабағымен оқыту ісімен тұрақты айналысып, бүкіл өмірін арнауы – өмірлік тәжірибеде сирек кездесетін, таңғаларлық құбылыс, маманның өз ісіне шын берілгендігінің куәсі болса керек. Бір салада, бір бағытта жарты ғасыр еңбек ету екінің бірінің еншісіне тие бермейді. Тарихты оқыту теориясы мен әдістемесі бойынша республикадағы тұңғыш ғалым. Қазақ тарихын оқулық ретінде алғаш жазған ұлт ардақтылары, қазақтың аяулы азаматтары Санжар Асфендияров пен профессор Ермұқан Бекмахановтың бүгінгі таңдағы мұрагері». Осыған ұқсас лебізді ағамыздың 80 жасқа толу құрметіне арналған салтанатты шарада Қыздар педогогикалық университетінің ректоры Шәмшия Беркімбаеваның айтқанына куә болған едім. Бұрынғы білім министрі мерейтой иесінің тарих пәнін оқыту әдістемесі бойынша ТМД елдеріндегі бірегей мамандардың бірі екенін атап өткен болатын.
Осы уақыт аралығында ол 7 оқулық, 3 монография, 9 бағдарлама жазып, мектептерде оқытылатын дүние жүзі тарихы, Қазақстан тарихы пәндерінің білім мазмұнын айқындап берді. Құрылымын түзеді, әдістемесін жасап, мұғалімдерге ұсынды. Ол 40-тай ғылыми еңбектің, 100-ге жуық әдістемеліктің, 150-ден астам мақала авторы. Сонымен қатар, осы жылдары еліміздегі қазақ мектептерінің жартысынан астамында болып, әдістемелер енгізуге қатысты семинарлар өткізіп тұрды. Көптеген ғылыми кадрлар дайындап, жоғары оқу орындарында ұдайы дәрістер оқып келді. Міне, осындай абыройлы еңбек жолынан өтті. Халық ағарту саласына сіңірген еңбегі еленіп, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ы.Алтынсарин», «1941-1945жж. Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 50 жыл», «Еңбек ардагері», «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі», «СССР ағарту ісінің үздігі», «Педагогика академиясының академигі» секілді медальдар мен атақ берілген.
Ағамыз өмірде қандай адам еді? Ол өзін білетін ортада тек еңбек нәтижелерімен ғана аты шыққан жоқ. Жақсы қасиеттерімен де сый-құрметке бөленді. Өте еңбекқор жан өзінің де өзгенің де уақытын бағалай білді. Қанша танымал болса да әр уақытта биязы, сыпайы, кішіпейіл қалпынан айныған емес. Үлкенді аға, кішіні іні деп сыйлап, жолдасқа рақымшыл, жоқ-жітікке қайырымшыл болып өткен жан. Жаны таза, шыншылдықты сүйетін адал адам болды. Әдетте өте ұқыпты, тазалықты сүйетін, мәдениетті адамды неміске теңейтіні бар. Осындай қасиеттері жөнінен ағамызды әріптес шәкірттері неміске теңеп, ал білімділігі жөнінен Гередот деп атағанын кейінірек естіп білдім.
Оқушы кезімде ағамен автобус ішінде келе жатқан сәт еске түседі, осындайда. Билет алу үшін алдымдағы адамды саусағыммен сәл түртіп, кассирге ақша беріп жіберуін сұрадым. Жерге түскеннен кейін маған «Ыдырыс, ешқашанда адамды саусақпен түртуге болмайды. Дауыстап қаратып, билетке қол жалғап жіберуді өтінген жөн» деп ақылын айтты. Мен қатты ұялдым. Содан кейін өмірімде ондай әрекетке барған емеспін. Бірақ, қоғамдық көлікте билет алу үшін адамды түртіп, тіпті нұқып жіберіп жатқандарды көргенде жаным бір түрлі құлазып кетеді. Қайсы біріне ақыл айта берерсің. Осыған ұқсас эпизодты Аманжан жеңгемнің інісі Алтынбек Баймаханов та айтып берген еді. Кішкентай кезінде ағамен бірге келе жатып, түкіргісі келіп, тротуарға түкіре салады. Ағамыз, тоқтай қалып, «бұлай бола ма екен, адамдар жүретін жолда олай етуге болмайды. Жолдан әрірек кетіп, жұрт көзінен таса жерге барған дұрыс» деген ғой. «Бұл жағдай маған өмірлік сабақ болды» дейді бүгінде белгілі азамат болған Алтекең. «Жақсы адам жолдасынан белгілі» дегендей, достары Дәуірхан Айдаров, Нұрділдә Уәлиев секілді азаматтарды  құрметтеп өткеніне баршамыз  куәміз. Отбасында Аманжан жеңгеміз екеуінің жарасымдылығы, олардың балаларына, немерелеріне берген тәлім-тәрбиесі үлгі тұтарлық. Үш қызы мен бір ұлы өмірден өз орындарын тапты. Ағамыздың жақсы қасиеттерін көріп өсіп, қанша ұқсауға тырысқанымызбен ондай бола алмағанымызды, ширегіне де жуықтамайтынымызды мойындамасқа амал жоқ.
Әскерде жүріп ағаға амандық біліп, хат жазам. «Ыдырыс, сенің жазуың жақсы» деді бір жауап хатында. Кәдуілгі хатта нені жақсы жаза қойдым деп ойланам. Иә, айтпақшы, Чехословакияда өткен ғылыми конференциядан қайтарында Мәскеуден 60 шақырым қашықтықтағы әскери нысанда қызметімді өткеріп жатқан маған арнайы соғып, қуантып кеткенін ұмытпаймын. Айнала қоршаған қалың орманды көріп, «табиғаты тамаша жер екен» деп сүйсінген болатын. Кейінірек мен баспасөзге жұмысқа ауысқанымды құптады. Бірнеше жылдан соң Әлен ағамыздың үлкені, танымал журналист Жолдасбек Ақсақалов бауырыммен аймақтың ата басылымында бірге істей бастағанда бұл жағдайға қатты риза болған еді.
Әкеміздің атының ел есінде қалуына ағаның еңбегі зор. Д.Қонаевтың 1971 жылғы «Советтік Қазақстан» атты кітабын, ондағы Тәжі Тұрлығұловтың облыста тұңғыш рет күріштен рекордтық мол өнім алғаны туралы тарауларын, «Социалды Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газетінде жарияланған мақалалар мен басқа да құнды құжаттарды қалалық ономастика комиссиясына табыстап, ұсыныс берген еді. Комиссия ешқандай дау тудырмайтын құжаттарды негізге ала отырып, облыс орталығындағы бір көшеге әкеміздің есімін берді.
Ағаны ақтық сапарға шығарып салар сәттегі қаралы митинг пен одан кейін берілген қонақасыда шәкірттерінің айтқан сөздерінің өзі үлкен бір мақалаға арқау болар еді.Үйге келген соң құран бағыштадық. Сонда белгілі ұстаз-ғалым Қазыбай Құдайбергенов әскерден кейін ҚазМУ-ға оқуға тапсырып, соңғы емтихан сұрағын білмей тұрған сәтте Тотай ағаның қолдау көрсетіп жібергенін жылылықпен еске алды. Кейіннен бұл эпизодты «Жадымдағы жайсаңдар» атты мақаласында да жазды.
Ағамыз тірі болғанда биылғы 23 желтоқсан күні 90 жасқа толғанын атап өтер едік. Амал жоқ, бұл күні балалары, бауырлары, шәкірттері еске алатын боламыз. Біз үшін оның  жарқын бейнесі асқар тау секілді алыстаған сайын асқақтай берері сөзсіз. «Өткен өмір ұмытылмайтындығымен құнды» дейді даналар. Тотай ағаның еңбегі, ғылымға сіңірген маңдай тері, артында қалған ізі дәтке қуат. 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
Қызылорда қаласы.  
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: