Қызылорда қаласындағы Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан тұрғын үйлерге жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтардан өтініш қабылдау жүргізілуде. Құжаттар мамырдың 19-на дейін қабылданады.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Саулебаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына орай елімізде алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсаты қойылып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алғаш болып қоныс тойын қызылордалықтар тойлайтын болады.
Ә. Сәулебаев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры:
-Бүгінгі таңда Жаппасбай батыр көшесіндегі 580 пәтерлік 12 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға дайын. Жаңа мөлтек ауданда мектеп, балабақша құрылысын жүргізу қолға алынуда. Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан тұрғын үйлерге жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары қоныстанады. Бағдарламаның ерекшелігі аудан, ауыл тұрғындарына баспаналы болуға толықтай басымдық беріледі. Бағдарлама талабы тұрғын үй құнының 30 пайызын жинақтау немесе бірден салу арқылы 5 пайызбен несие рәсімдеу болып табылады.
Сондай-ақ, брифингте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілетін Титов қыстағы, Қашаубаев және Жаппасбай батыр көшесінен салынған үйлерге құжат қабылдау жүргізіліп, үй алушыға қойылатын талаптар мен жинақтайтын қажетті құжаттарды түсіндіріп өтті.